БІЛІМ БЕРУДІҢ ЗАМАНАУИ ТРЕНДТЕРІНЕ АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ
18.10.2023
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде "Білім берудегі заманауи тенденциялар және білімалушылардың салауатты өмір салты мен тұлғалық өсуі бойынша білім беру бағдарламаларын жүзеге асырудағы мұғалімнің рөлі» атты халықаралық конференция өтуде.
Ғылыми форумға Гонконг, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Қазақстан ғалымдары мен өңірдегі білім беру мекемелерінің ұстаздары қатысты. Іс-шара ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кеңсесі – ЮНЕСКО-ның білім берудегі ақпараттық технологиялар институтымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Конференция мұғалімдердің білімін жетілдіру саласындағы ғылыми зерттеулер мен инновацияларды ілгерілету, халықаралық деңгейде білім беру процесін жетілдіру бойынша тәжірибе алмасу, ғалымдар мен педагогтардың жеке дамуы, балалар мен жасөспірімдердің психологиялық сауаттылығы мен денсаулығын сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастығын нығайту мақсатында өткізіледі.
Іс-шараның маңызды мақсаттарының бірі – педагогтар мен білім беру мамандарын сапалы даярлау саласындағы мекемеаралық ынтымақтастықты қолдау.
Марғұлан университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин кездесуге модераторлық етті. Халықаралық конференция спикерлері өз баяндамаларында қазіргі цифрлық әлемде мұғалімдердің тез өзгеріп, жаңа білім мен дағдыларды меңгеруі қажет екенін атап өтті. Ғалымдар ұстаздар қауымы өкілдерінің тұлғалық және кәсіби дамуына ықпал ететін және оқу-әдістемелік кешендер бойынша сабақтарды өткізу кезінде көмекші болатын түрлі білім беру ресурстарын ұсынды
Гонконг университетінің білім беру факультетінің қолданбалы педагогика кафедрасының профессоры Кэтрин Чан «Latest Transformations of the Learning System in the Hong Kong Special Administrative Region (HKSAR): Strengths and Challenges in Post-Covid Times» атты баяндамасында Гонконгтағы білім беру мазмұнын трансформациялау мысалында педагогикадағы жаңа тенденциялар туралы айтты.
«Бұл конференция өте маңызды, өйткені біз білім беру қызметкерлерінің, университет өкілдерінің және үкіметтік емес ұйымдардың баяндамаларын тыңдай алдық. Осының барлығы білім беру проблемаларын түсінуге және оны жетілдіру мүмкіндіктерін анықтауға мүмкіндік береді. Академиялық білім саласындағы ынтымақтастығымыз жалғасады», - деді ол.
Халықаралық конференция мұғалімдер білімін жетілдірудің көптеген өзекті мәселелері мен проблемалары бойынша әртүрлі санаттағы мамандардың пікірі мен білім алмасуының кең алаңына айналды.