Ұлттық құндылықтарды дәріптеу
02.04.2021
Павлодар педагогикалық университетінің Е. Бекмаханов атындағы ғылыми кітапханасында «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғыртудың негізі» тақырыбына арналған пікірталас тартысы өтті. Осы шараға педагогика жоғары мектебінің тәрбие және әлеуметтік жұмысы бойынша вице-деканы Ж.Ж. Серғазина және студенттер қатысты.
Маңызды тақырып төңірегінде студенттер өзара пікір алмасып, Амина Игілікова «Өзімнің бойымда үлкенді сыйлау, басқа адамдарды құрметтеуі қасиеттерін дамытуға тырысамын. Тарихымызды, салт-дәстүрлерді білу – парыз», - дейді ППУ студенті. Қатарласының пікірін баянауылдық Марат Әбілхан да қостайды. «Ақпаратты, жаңалығы көп біздің дәуір – қазақтың басындағы елеулі кезеңдердің бірі. Ол үшін әуелі отбасылық құндылықтарға аса мән беруі жөн болады. Себебі, қаны қазақ болса да, жаны қазақ емес ұрпақ емес әлсіз тұстарымыздың бірі болмақ. Ондай ұрпақ сыртқы әсер етуші факторлардың әсерінен басқа тарапқа көңіл бөліп, ұлттық құндылығына салғырттық танытуы әбден ықтимал. Ол үшін біз өзіміз дұрыс жолды ұстанып, кейін оны ұрпақ қолына сіңіруді миссиямыз ретінде көре білгеніміз жөн. Әйтпесе түбінде 50-ден бөлек 30 дамыған ел қатарына кірсек те, түбінде қазақ болып қала аламыз ба? Осы сұраққа аса мән берген жөн деп білемін».
Шетел студенті, Баян-өлгей елінен келген Тілек Балапан: «Ата-анам кішкентай кезімнен бастап бойыма ұлтымызға тән құндылықтарды дарытты. Қазақстанға келгенде қазақтың балаларымен танысып, осы елдің тарихы, әдебиеті мен салт-дәстүрімен таныстым. Бір өкініштісі көптеген қазақ балалары өздерінің жеті атасын білмейді. Адалдық пен адамгершілік, еңбексүйгіштік, ұлтжандылық әрбір жастың бойында болуы тиіс», - дейді ППУ студенті.
Пікірталасты жүргізген ғылыми кітапхананың орынбасары Қ. Төлеубаева, ұлттық құндылық дегеніміз не, қазақ мәдениеті, патриотизм, азаматтық парыз, тұлға бойындағы құндылықтар мен ар тазалығы және басқа да қасиеттерге тоқталып және оқырмандарға М. Жұмабаевтың «Педагогика», Ы. Алтынсариннің шығармаларын, Абай Құнанбаевтың, Ш.Уәлихановтың, М.Ж. Көпеевтің педагогикалық көзқарастары туралы және тәлім тәрбие жайлы кітаптарын оқуға шақырды.