ITEC: ҮНДІСТАНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТТЕРДЕ ОҚЫТУ КУРСТАРЫ
27.10.2023
Үндістанның Астанадағы елшілігі Астанада 100-ден астам ITEC түлектері мен Сыртқы істер министрлігінің, Білім беру мекемелерінің, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен «ITEC Day 2023» шарасы өткізілді.
Алғашқы құттықтау сөзді Қазақстандағы Үндістан елшісі Нагендра Прасад және кештің құрметті қонағы –Қазақстанның ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки. Одан кейін ITEC бағдарламасының әр жылғы түлектері тәжірибесімен бөлісіп, кеш мәдени бағдарламамен жалғасты.
Марғұлан университеті Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры, тарих мамандығы бойынша философия докторы (PhD) Айгүл Маратқызы Садыкова аталған шараға ITEC бағдарламасының 2019 жылғы түлегі ретінде шақырылып, сөз сөйлеп, презентация жасады. Өз сөзінде Айгүл Маратқызы Үндістанның Ченнай қаласында өткен курсы туралы ой-тәжірибесімен бөлісіп, ITEC бағдарламасының әр сала мамандарына беретін үлкен мүмкіндіктері туралы айтты.
«Аталған стипендиялық бағдарлама Үнді елінің Ченнай қаласында орналасқан National Institute of Technical Teachers' Training and Research білім беру мекемесінде кәсіби біліктілігімді арттыруға мүмкіндік берді. Екі айға жуық уақыт ішінде кәсіптік білім беру, БҰҰ қабылдаған тұрақты даму мақсаттары тақырыбымен байланысты курстан өттім. Оқу тілі – ағылшын. Болгария, Куба, Африка, Шри-Ланка, Камбоджа, басқа да елдерден қатысушылар болды.
Курс барысында жаңа білім алып қана қоймай, өз еліміздің тәжірибесімен де бөлістік. Көптеген ғылыми орталықтар мен білім беру мекемелерін аралау барысында ел ішінде кәсіптік білім берудің дамуына, сонымен қатар қосымша білім беру жүйесіне көп көңіл бөлінетінін аңғару қиын емес.
Оқыту процесінде тәжірибе сабақтарына ерекше көңіл бөлінетіні байқалды. «Learning by doing», яғни тәжірибе барысында жасау арқылы үйрету қағидасы нәтижелі жұмыс жасауда. Мысалы, арнайы кәсіптік оқу орындарының бірімен танысу кезінде студенттердің тәжірибе сабағында 3-D моделдеуді ғана емес, мобильді телефон немесе компьютер құрауышын жасап жатуы нақты практикалық іскерлік пен дағдыларды қалыптастыруға жәрдемдесетіні сөзсіз.
Оқу кабинеттерінің заманауи техникамен жабдықталуы, интерактивті электронды оқулықтарының сапасы да көңілден шықты. Жалпы, бұл сапар нәтижесінде көрген-білгеніміз туралы көп айтуға болады. Үнді елінің тарихы, мәдениті мен халқы – өз алдына бөлек әңгіме. Ең бастысы, аталмыш бағдарлама ел мен елді жақындастырып, тұрақты дамуға өз үлесін қосуда», – деп ой бөлісті Айгүл Маратқызы.
Толығырақ: https://www.instagram.com/india_in_kazakhstan/#