Перейти к содержимому страницы.

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

20.04.2023

Ә.Марғұлан атындағы ППУ педагогикалық зерттеулер орталығы Новосібір мемлекеттік педагогикалық университетімен бірлесіп «Қазақстан мен Ресей мемлекеттерде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға инклюзивті білім беру проблемаларын еңсеру» атты халықаралық дөңгелек үстелін өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты - Қазақстан мен Ресейде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға инклюзивті білім беру мәселелерін талқылау.

Іс-шараға 140-тан астам маман қатысты, олардың ішінде Павлодар облыстық білім басқармасының балалардың құқықтарын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің мамандары, ғалымдар, қалалық және ауылдық мектептердің мұғалімдері, университет оқытушылары, инклюзивті және арнайы білім беру мамандары болды. Сондай-ақ, «Арнайы педагогика», «Педагогика және психология», «Информатика» мамандықтар бойынша колледж және университет студенттері қатысты.

Шақырылған спикерлер ішінде Новосібір МПУ (Ресей) Балалық шақ Институтының деканы, психология ғылымдарының докторы, профессор Рубен Агавелян және Новосібір қаласындағы "Аврора" мектебінің аноо психологиялық қызметінің жетекшісі Мария Луцкая болды. Олар онлай режимде қатысты. Балалық шақ институтының деканы, психология ғылымдарының докторы, профессор Агавелян Рубен Оганесович Арнайы білім берудің цифрлық трансформациясы туралы баяндама жасады. Профессор арнайы педагогтың цифрлық құзыретін дамыту қажеттігін, Новосібір облысында арнайы білім беруді дамытудың жай-күйін атап өтті.

Жоғары педагогика мектебінің оқытушы-зерттеушісі,  PhD докторы Дана Хамитова мүмкіндігі шектеулі балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу үшін арнайы педагогтарды даярлау қажет екенін айтты. Кеңес барысында педагог-ассистенттерді сапалы даярлау, инклюзивті білім беру үшін пән мұғалімдерін қайта даярлау мүмкіндіктері талқыланды.

Педагогикалық зерттеулер орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Алмагүл Асайынова ментальды кемістігі бар балаларды информатикаға оқыту туралы ғылыми зерттеу нәтижелерін ұсынды. Сондай-ақ ІТ саласында жұмыс істеу үшін ментальды кемістігі бар адамдарды жұмысқа орналастырудың проблемалық мәселелері талқыланды.

Инклюзивті білім беруді іске асыру үшін цифрлық технологиялар қолданылады. Ол туралы PhD докторы, жаратылыстану жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры Дария Әбікенова айтты. А.Ж. Асайынова, Ж.Т. Әубәкірова және Д.Б. Әбікенова «Жалпы және қосымша білім беру жүйесінде инклюзивті информатиканы оқыту әдіснамасы ментальды кемістігі бар балаларды кәсіби бағдарлау шарты ретінде» AP14872400 ЗТБ жобасының зерттеу тобына кіреді (жетекшісі А.Ж. Асайынова).

Павлодар қаласының № 6 мектеп инклюзиясын қолдау кабинетінің әдіскері Зульфия Кәрімбаеваның айтуынша, мектепте инклюзияны қолдау кабинеті құрылды, онда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 13 оқушы білім алады. Инклюзивті білім беру сапасын арттыру үшін балаларға, ата-аналарға, мамандарға арналған көптеген іс-шаралар өткізіледі. Дөңгелек үстелге қатысушылар инклюзивті білім беруге ата-аналардың қатысуының және оларды оқу процесіне енгізудің маңыздылығы зор екеніне тоқталды.