Перейти к содержимому страницы.

ҒЫЛЫМ ОНКҮНДІГІНІҢ АШЫЛУЫ: МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АРХЕОЛОГТАРЫ ЖАҢА ЗЕРТТЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ҰСЫНДЫ

07.04.2026

Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде ғылым онкүндігінің салтанатты ашылуы өтті. Алғашқы күні Марғұлан университетінің Археологиялық зерттеулер институты өз жұмысын таныстырды.

Ғалымдар жаңартылған техникалық базасын, заманауи зерттеу әдістерін көрсетіп, алдағы экспедициялық жоспарларымен бөлісті. 2026 жылғы далалық маусым ауқымды әрі тың жаңалықтарға толы болады деп күтілуде. Бұл жинақталған ғылыми тәжірибемен қатар, зерттеу инфрақұрылымының жаңартылуының нәтижесі. Атап айтқанда, Академиялық артықшылық орталығы жобасы аясында институт заманауи құрал-жабдықтармен толықты.

Алдағы маусымда археологтар Қазақстанның түрлі өңірлерінде экспедициялар жүргізіп, бұрын табылған жәдігерлерді жаңа әдістермен қайта зерделеуді жоспарлап отыр.

Институт басшысы Тимур Смағұловтың айтуынша, қазіргі археология дәстүрлі қазба жұмыстарынан жоғары технологияларға негізделген зерттеулерге бет бұруда. Соның ішінде өсімдік жамылғысының астында жасырын жатқан археологиялық нысандарды анықтауға мүмкіндік беретін лидар жүйесімен жабдықталған ұшқышсыз аппараттар кеңінен қолданылмақ.

«Лидармен жабдықталған дрондар тарихи ескерткіштерді іздеуде мүлде жаңа мүмкіндіктер ашады. Биылғы маусымда маңызды жаңалықтарға қол жеткіземіз деп сенеміз», — деді ғалым.

Ғылыми ізденістердің дамуына георадарларды енгізу мен суасты археологиясының дамуы да серпін беруде. Зерттеушілердің пікірінше, Балқаш және Алакөл көлдерінің акваториясында, сондай-ақ Ертіс аңғарында көне қалашықтардың іздері болуы мүмкін. Бұл бағыттағы ізденістер бірнеше ондаған жыл бойы жалғасып келеді.

Сонымен қатар павлодарлық археологтар жаңа ғылыми бағыттарды да дамытып отыр. Университетте археоэнтомология — археология мен палеонтологияның тоғысындағы ғылым бағыты бойынша зерттеу тобы құрылды. Тимур Смағұловтың айтуынша, жерлеу орындарынан табылған ежелгі жәндіктерді зерттеу арқылы жерлеу маусымы, климаттық жағдайлар мен жерлеу рәсімдері туралы маңызды мәліметтер алуға болады. Мәселен, Trox туысына жататын қоңыздардың табылуы қимақ дәуіріндегі жерлеулерде мәйіттерді мумиялау дәстүрі болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Тағы бір инновациялық бағыт — археологиялық томография. Бұл әдіс жерлеу орындарын тұтас топырақ блогымен алып, кейін сканерлеу арқылы дәстүрлі қазбада қолжетімсіз мәліметтерді анықтауға мүмкіндік береді. Аталған тәсіл Ұлық Ұлыс (Алтын Орда) дәуіріне жататын ескерткіштерді зерттеуде тиімділігін дәлелдеді.

Ғалымдардың айтуынша, қазіргі археология жаңа буын мамандарын талап етеді — олар томография, георадар және цифрлық модельдермен жұмыс істей білуі тиіс. Осыған байланысты университетте арнайы зертхана ашу жоспарлануда.

Осылайша, 2026 жылғы далалық маусым павлодарлық археологтар үшін сапалы жаңа кезеңнің бастамасы болмақ. Ғылыми қауымдастық алдағы уақытта маңызды жаңалықтар күтіп отыр.