ҒЫЛЫМИ ДЕСАНТ: МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ ДАРЫНДЫ ОҚУШЫЛАРДЫ ҚОЛДАУДА
07.04.2026
Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Павлодар қаласындағы №35 жалпы орта білім беру мектебінде 7–8 сынып оқушыларына арналған «Ғылыми десант» атты шеберлік сабақтарын өткізді.
Аталмыш шара аясында оқушылар география, физика, химия, биология, тарих, қазақ тілі мен әдебиеті, сондай-ақ орыс тілі мен әдебиеті пәндері бойынша тәжірибелік әрі танымдық сабақтарға қатысты. Шеберлік сыныптар оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, олардың ғылыми ойлау қабілетін дамытуға негізделген.
Жобаның басты мақсаты – дарынды оқушыларды анықтап, қолдау көрсету, сондай-ақ білім беру ұйымдарымен өзара ынтымақтастықты нығайту.
Марғұлан университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Айгүл Жұмабекованың айтуынша, қазіргі таңда университет дарынды балаларды қолдау мақсатында Павлодар облысының білім беру басқармасымен бірлесіп ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Сонымен қатар, оқу орны академиялық шеберлік орталығы ретінде қалыптасып, осы бағытта жаңа бастамаларды қолға алуда.
Шараға Павлодар қаласындағы мектептердің, сондай-ақ дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдарының 200-ден астам оқушысы қатысты. Сабақ кестесі Павлодар облысы білім беру басқармасына қарасты «Ертіс дарыны» орталығымен бірлесе отырып әзірленіп, қатысушылар алдын ала іріктелді.
Мектеп оқушылары сабақтардың тиімділігімен қатар олимпиада форматына жақын болғанын атап өтті.
– Мен география пәнінен шеберлік сыныпқа қатыстым,– деп бөлісті №3 гимназияның оқушысы Ілияс Мағауия. – Біз олимпиадаларда кездесетін тапсырмаларға ұқсас есептерді талдадық. Қатемен жұмыс жасадық. Мұғалім сұрақтарымызға жауап берді, әсіресе сызба құрастыруға арналған тапсырмалар ерекше ұнады.
Алдағы уақытта бұл бастама жалғасын тауып, ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жазғы білім беру лагері ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Осылайша, «Ғылыми десант» жобасы оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақ ғылыми әлеуетін дамытуға серпін беретін маңызды алаңға айналуда.



