Перейти к содержимому страницы.

«G’ibrat» шығармашылық бірлестігі

«Ғибрат» шығармашылық бірлестігі 

 

Асыл сөздің сынығы-Ғибрат. «Ғибрат» сөзінің мағынасы тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге дегенді білдіреді. Демек, бұл сөзбен байланысты әрбір іс-әрекет жақсылығымен болары хақ. Осы орайда Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қабырғасындағы «Ғибрат» шығармашылық бірлестігінің алар орны ерекше.

Ғибрат шығармашылық бірлестігінің құрылымы:

Ұйым басшысы-Төрайым.

Қазіргі таңда ұйымда 20-дан астам өнерлі студент бар.

Бірлестіктің негізгі мақсаты: түрлі мамандық иелерінің басын қосып биік белестерге қол жеткізіп, сахнада өнерлі жастарды бір арнаға тоғыстыру. Бірлестік студенттерді шығармашылық жағынан дамытып қана қоймай, сондай-ақ қазақилықты дәріптеп, ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүрлерді жаңғыртуды көздейді.

Ғибрат шығармашылық бірлестігі 2019 жылы 15 сәуірде құрылды.

Студенттік театрдың негізін қалаған Нағмадинова Құндыз Әмірханқызы мен Сүндет Арайлым Айтбайқызы. Алғашында театр құрамында жалынды 10 студент болды. Кейіннен жыл сайынғы кастингтермен бойында өнері бар студенттер қосылып отырды.

 «Ұлы Жібек жолындағы кездесу»

2019 жылы сәуір айының 29-жұлдызында «Мұрагер» студенттік театрының ұйымдастыруымен өткен «Ұлы Жібек жолындағы кездесу» атты республикалық фестивальда «Сотанайдың соңғы үйленуі» атты қойылыммен «Ғибрат» үлкен сахнаға алғаш аяқ басты.

 «Ғибрат» шығарашылық бірлестігінің ашылу салтанаты

2019 жылы қараша айының 15-жұлдызында  «Ғибрат» шығармашылық бірлестігінің ашылуына орай үлкен ауқымда салтанатты концерт болып өтті.

Концертте «Сотанайдың соңғы үйленуі» атты комедия жанрындағы қойылым көрермендер назарына ұсынылды. Сонымен қатар, ұйымға жаңа қосылған студенттерді қабылдау рәсімі өтті.

«Сотанайдың соңғы үйленуі»

Авторы: Өмірбек Боранбаев

Жанры: Комедия

Қоюшы режиссері: Құндыз Нағмадинова

Басты рөлдегі Сотанайдың жар іздеуі, әке мен шешенің келін таңдауымен оқиға өрбиді. Комедияның шарықтау шегі, Сотанайдың әпенділігімен шиленісіп, қаншама қыздың келін, жар болу үшін жанталасы суреттелген.

«Jyl uzdigi 2019»

2019 жылы желтоқсанның 26-жұлдызында «Жастар жылы» бағдарламасы аясында «Jyl uzdigi 2019» атты жыл қорытындылау мақсатында марапаттау кеші өтті. Кеште бірлестіктің 20 мүшесі университет Басқарма-төрағасы ректор Алтынбек Нухұлының атынан алғыс хатқа ие болды.

Алғашқы гастроль

2020 жылы ақпан айының 6-жұлдызында Павлодар қаласының әскери мектебінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай мерекелік концерт болып өтті. Концертте «Ғибрат» шығармашылық бірлестігі Абайдың 17-қара сөзін сахналап, концерт өткізді.

«Қайсар рухты Қайрат»

Авторы: Арайлым Сүндет

Жанры: Драма

Қоюшы режиссері: Арайлым Сүндет

2021 жылы желтоқсанның 14-жұлдызында тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Қайсар рухты Қайрат» қойылымы сахналанды. Желтоқсан оқиғасының құрбандарына арналған бұл қойылым арқылы театр мүшелері көрерменнің көңілін елжірете білді.

«Jyl uzdigi 2021»

2021 жылы желтоқсанның 28-жұлдызында «Jyl uzdigi 2021» атты жыл қорытындылау мақсатында марапаттау кеші өтті. Кеште бірлестіктің белсенді мүшелері университет Басқарма-төрағасы ректор Жанбол Октябровичтің атынан алғыс хатқа ие болды.

«Әр өлеңі-бір әлем»

2022 жылы ақпан айының 10-жұлдызында «Ғибрат» шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен ақиық ақын, хантәңірінің мұзбалағы атанған Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаевтың туған күніне орай «Әр өлеңі-бір әлем» атты әдеби сазды кеш өткізілді. Кеште ақынның сезімге толы сыршыл өлеңдері оқылып, жырға толы «Ару-Ана» қойылымы сахналанды.

«Ару-Ана» қойылымы

Авторы: Мұқағали Мақатаев

Жанры: Драма

Қоюшы режиссер: Нағмадинова Құндыз

Шығармада еркіндік үшін қанжығадан күрісуге бейіл Құрман тағдыры өрнектеледі. Елден жырақ өмір сүру ол үшін бақыт екендігі түсіндіріле отырып, қоғамда ондай адамдардың бар екендігін және бағзыдан бүгінге ұласып, үзілмей келе жатқан құштарлық, ұлы арман бұл туындыда өмірлік шындық арқылы өрнектелген.

«Өмірі-өнер, өнері-кино»

2022 жылы наурыз айының 3-ші жұлдызында қазақтың белгілі режиссер-актері Шәкен Аймановтың туған күніне орай студенттік ұйымдар арасындағы бірлік пен татулықты нығайтып, студенттердің өнерлерін шыңдау мақсатында ұйымдар аралық фильмдер сайысы ұйымдастырылды.

Бірлестік өз кезегінде Шәкен Аймановтың «Тақиялы Періште» фильмінен үзіндіні көрермен назарына ұсынды.

«Ғибрат» шығармашылық бірлестігінің 3 жылдық мерейтойы

2022 жылы мамырдың 12-жұлдызында «Ғибрат» шығармашылық бірлестігінің 3 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтілді. Концертте «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымы сахналанып, концерттік бағдарлама қойылды. Театр жетекшісі Құндыз Нағмадинова төрайымдылық міндетті Аққу Мейрамға салтанатты түрде тапсырды.

«Махаббат, қызық мол жылдар»

Авторы: Әзілхан Нұршайықов

Жанры: Драма

Қоюшы режиссері: Құндыз Нағмадинова

Қойылымда соғыстан он екі мүшесі түгел болып келген жас солдаттың өмірі, оның 33-аудиторияда өзін гүлге толған бақта отырғандай сезінуі, қыздардың тастай қылып өрілген бұрымдарына көз салуы, достарын, өз махаббатын табуы, болашағына жол ашып, өз жолын табуы да тағы баяндалады.

Қойылым арқылы театр актерлері көрерменнің жүрегін елжіретіп, ерекше әсер қалдыра білді.

«Үміт» II Республикалық студенттік театр фестивальі.

2022 жылдың 29-қарашасы мен 1-желтоқсаны аралығында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің “Шаңырақ”студенттік театрының ұйымдастыруымен өткен “Үміт” II фестивальінде бірлестік «Күшік күйеу» спектакльін сахналады. Сахнаға алғаш қадам басып жүрген театр ретінде тарихы тереңде жатқан театрлардан үлгі алып, тәжірибе алмастық.

«Күшік күйеу»

Авторы: Тахауи Ахтанов

Жанры: Комедия

Қоюшы режиссері: Арайлым Сүндет

2022 жылы желтоқсанның 19-жұлдызында спектакльдың премьерасы болып өтті. Жастар тақырыбынан, ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасты сондай-ақ, бой түзеп қалған қызы бар кез-келген ата-ананың баласының алдағы бағын ойлап, қам жеуі секілді өмірлік мәселелерді қамтитын сахналық туынды-қоғамның қай кезеңінде болса да ескірмейтіндігімен құнды.

 «Jyl u'zdigi 2022»

2022 жылы желтоқсанның 22-жұлдызында университетімізде «Jyl u'zdigi 2022» дәстүрлі марапаттау рәсімі болып өтті.

Жыл қорытындысының нәтижесі бойынша «Ғибрат» шығармашылық бірлестігінің төрайымы Мейрам Аққу Ардаққызы басқарма төрағасы-ректор Жилбаев Жанбол Октябровичтің алғыс хатымен марапатталса, бірлестік «Көрермен көзайымы» номинациясын иеленді.

«OйLike»

2023 жылы ақпанның 16-жұлдызында «Ойlike» атты ұйымдар аралық интеллектуалдық сайыс өткізілді. Ұйымдар арасындағы байланысты нығайту мақсатында жасалған бұл сайыс, Ғибрат үшін жаңашыл дүние болды. Дегенмен, соңына дейін бізбен бірге болған қатысушылар мен көрермендердің көңілінен шыға алдық деп айта аламыз.

«Дәстүр мен ғұрып» челленджі

2023 жылдың наурыз айында Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесіне орай қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін жаңғырту мақсатында «Дәстүр мен ғұрып» атты челлендж ұйымдастырылды. Челленджге студенттік ұйымдар қатысып, өздерін жаңа қырларынан көрсетті.

 

Бізге қосыл!

Көптеген іс-шараларға қатысып, жан тебірентерлік қойылымдар қойып жүрген бұл ұйым жаныңа қуаныш та жұбаныш та сыйлайды. Ғибрат шаңырағы биік, қабырғасы берік, іші шаттыққа толы үлкен отбасы. Отбасымыздың бір мүшесі болғың келсе, өнеріңді дамытып, бойыңдағы дарынды ашуға талпынсаң, уақытыңды тиімді өткізгің келсе, жаңа орта, жаңа дос тапқың келсе, жарқын болашағыңның бір кірпішін қалағың келсе, бізге қосыл!

Instagram: gibrat_mu

WhatsApp: 87764444226

 

instagram