ДАМУЫМЫЗ ӘЛІПБИГЕ ТӘУЕЛДІ
22.02.2021
Латын графикасындағы қазақ әліпбиінің жаңа өзгерістері туралы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Қуаныш Ерғалиевтің сұхбаты облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне шықты. Төменде текст мәтінін келтіреміз:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев латын графикасындағы қазақ әліпбиін қайтадан қарастырып, жетілдіруді тапсырған болатын. Соған орай жуықта әліпбидің кезекті жаңа нұсқасы жұртшылыққа ұсынылды. Бұл - жаңа алфавитке көшуге қадам жасағалы бері дайындалған төртінші нұсқа. Тіл білімі мамандарының көбі «қазақ жазуы үшін ең қолайлы нұсқа – соңғы нұсқа» деген пікір айтуда. Ендеше, жаңа құрастырылған әліпбидің артықшылығы қандай? ҚР Үкіметі жанынан құрылған Ұлттық комиссиясы орфографиялық жұмыс тобының мүшесі, Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымының кандидаты Қуаныш Ерғалиевпен сұхбаттасудың сәті түскен едік.
- Қуаныш Советұлы, республикалық орфографикалық жұмыс тобының мүшесі ретінде сіздің әліпбиді даяр-лау процесіне толығымен қатыс-қаныңызды білеміз. Жалпы, бүгінге дейінгі жұмыстар қалай жүргізілді?
- Латын әліпбиінің осы төртінші нұсқасын әзірлеу процесі бір жарым жылға созылды. Бұл бағыттағы жұмысты ҚР Үкіметі жанынан құрылған Ұлттық комиссияның орфографиялық жұмыс тобы жүргізді. Оның құрамында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, Назарбаев университетінің, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің және аймақтардағы жоғары оқу орындарының ғалымдары болды. Осы нұсқаны әзірлеу барысында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл - қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына әліпбидің 34 жоба-үлгісі ұсынылды. Орфографиялық жұмыс тобының мүшелері жан-жақты саралай келе, соның ең қолайлысына тоқталды. Осы ретте бұрын латын графикасына көшкен түркі тілдес елдердің тәжірибесіне талдау жасалды. Сондай-ақ екі үлкен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Ресей, Түркия, Әзербайжан және т.б. елдердің тілші-ғалымдары қатысты. Сонымен қатар бірнеше рет сынамалы сауалнама жүргізілді. Халықаралық, республикалық басылым-дарда ғылыми-танымдық мақалалар жария-ланды.
- Бұл үлгінің бұрынғылардан қандай айырмашылығы және артық-шылығы бар? Осыны түсіндіріп өтсеңіз...
- Бұрынғы әліпби нұсқасына диграф, апостроф және акут белгілері қолданылған болатын. Ал бұл жолғысы умлаут жүйесіне негізделіп әзірленді. Ең басты артықшылығы – қазақ тілінің ұлттық табиғатын, дыбысталу және жазылу ерекшелігін барынша сақтап қалуға тырыстық. Екіншіден, қазіргі кирилл алфавитімен жазылған төл дыбыстары бар мәтінді компьютерде бір бағдарламадан екіншісіне көшіргенде иероглифтер шығып кетеді. Ал мына әліпбиде ондай кемшілік туындамайды. Неге десеңіз, бұл Unicode стандартына сәйкес құрастырылды. Үшінші артықшылығы – «бір дыбыс – бір таңба» қағидатына сай әзірленді. Яғни жоғарыда айтылған әліпбилердей бір дыбысты екі әріппен белгілемейміз.
Енді әліпбиде қолданылған диакри-тикалық белгілерге тоқталайын. Негізі, алфавит 31 таңбадан тұрады. Оның ішіндегі «Ә», «Ө» «Ү» секілді қазақтың жіңішке дауысты төл дыбыстарын умлаут белгісі арқылы айыратын болдық («ä», «ö», «ü»). Умлаут дегеніміз – әріп үстіндегі қос нүкте (¨). Халықаралық фонетикалық заңдылық бойынша дыбыстарды жіңішкертіп беретін белгі. Түркия, Әзербайжан, Түркіменстан, Германия, Финляндия, Швеция сынды 30-дай елдің әліпбиінде кездеседі. Ал «Ғ» әрпін бревис (˘) белгісімен «ğ» деп жазамыз. «Ш» таңбасын седиль (¸) арқылы «ș» деп жазуды ұсынып отырмыз. Сол секілді «Ұ» әрпін таңбалауда әріпүсті макрон (¯) белгісін қолдануды жөн санадық. Бұл таңбаның латынша нұсқасы «ū» болады. Байқағаныңыздай, кирилл алфавитіндегі «ұ» дыбысының бұрынғы «белдік» тәріздес сызықшасы жоғары жағына көтерілген. Ал «І» дыбысы жетілдірілген әліпбиде үлкен және кіші таңбасы да нүктесіз «Iɪ» берілді. Сондай-ақ әліпбидің астыңғы жағында «c», «w», «x» таңбалары цитаталық принциппен шеттілдік сөздерді жазу мақсатында ұсынылды.
- Көпшіліктің көкейіндегі сауал-дардың бірі – «u» таңбасына қатысты болып отыр. Бұл әріп жетілдірілген нұсқасында әртүрлі диакритикалық белгілер арқылы үш жерде (u, ū, ü) қолданылып отыр. Мектеп мұғалімдерінің кейбірі бұл бір-біріне ұқсас таңбалар болғандықтан, оқушылар шатасуы мүмкін деген уәж айтуда. Бұған не дейсіз?..
- Бұл, көптеген ғалымдардың жан-жақты талқылап, сарапқа салуының нәтижесінде жасалған таңдау. Негізі, мұндай ұқсас таңбалар қазіргі қолданыстағы кирилл алфавитінде де бар. Мысалы «У», «Ұ», «Ү». Яғни бұрыннан таныс жағдай. Көз үйрене келе барлығы бір жүйеге келеді деп ойлаймын. Керісінше, мектеп оқушыла-рының жылдам меңгеріп алуына қолайлы нұсқа деп отырмыз.
- Тағы бір мәселе – «ң» әрпінің таңбалануы. Бұл дыбыстың латынша нұсқасы «Ŋ» болып жазылатын болыпты. Дегенмен, бұл қайдан шыққан таңба деп бас қатырып жүргендер бар...
- Латын әліпбиінің осы нұсқасын дайындау процесіне төрт жұмыс тобы қатысты. Оның бірі орфографиялық жағын зерттесе, екіншілері компьютердің пернетақтасына орналастыру мәселесін талқылады. Ал, үшіншісі оқыту жағын қарастырса, төртінші топ терминдердің жазылуын зерделеді. Яғни әр топтың өзінің міндеттері болды. Бір әріпті бекіту осы төрт топтың да алдынан өтеді. Сіз айтып отырған «ң» әрпін латынша таңбалау барысында көп пікір қайшылықтары туындады. Әсіресе, орфографиялық топтың және пернетақтамен айналысқан ғалымдар арасында әртүрлі пікір айтылды. Себебі, бұрынғы нұсқада «ң» таңбасын ағылшынша «n» деп жазып, үстіне үтір секілді акут белгісі қойылған болатын. Мұнда компьютердің кейбір шрифті дұрыс көрсетпейді, яғни тұрқы өзгеріп кете береді. Сондықтан аталған екі топтың ғалымдары ақылдаса келе, осы (Ŋ) деп жазуға тоқталды. Екіншіден, қазір «ң» әрпі мен «н» әрпін айырып, дұрыс айта алмайтын балалар бар. Егер, бұрынғыша жазып, оған акут белгісін қолданатын болсақ, ол жазу барысында түсіп қалуы әбден мүмкін. Содан кейін онсыз да екі әріпті айыра алмай жүрген жастар одан ары шатасады. Ал мына таңба ешкімнің шатасуына жол бермейді, менмұндалап тұр. Міне, осы мәселелердің барлығы есепке алынды.
- Бұл әліпби нұсқасын компьютерлік базаға енгізу жағында қиындық бола ма?
- Бұл мәселемен арнайы топ айналысты. Жетілдірілген әліпби жобасына әлемде қолданыста жүрген «QWERTY» пернетақтасы негізге алынды. Бастапқыда үш нұсқа жасалған болатын. Соның ең қолайлысы таңдалды. Байқасаңыздар, қазақтың төл әріптері қазіргі пернетақтаның үстінгі жағындағы сандармен бірге тұр ғой. Жаңа әліпби бойынша төл дыбыстарымыз пернетақтаның оң жақ бөлігіне орналастырылады.
Жалпы, бұл жоба билік тарапынан қолдау тауып, қабылданатын болса, біздің жазуымызды шетел азаматтары да оңай оқи алады. Себебі, бұл әріптер мен оған қолданылған диакритикалық белгілердің барлығы халықаралық фонетикалық стандарт бойынша құрастырылды. Яғни «О» әрпінің үстінде тұрған қос нүктені көрген кез келген шетел азаматы ол белгінің әріпті жіңішкертіп беретінін түсінеді. Сол секілді макрон, седиль, бревис белгілерінің барлығының міндеті мен мағынасы халықаралық
таңбалар жүйесінде көрсетілген. Бір сөзбен айтқанда, ғалымдар бүгінгі нұсқаның жалпы халыққа қолайлы екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеді.
- Ал қазақ сөздігінің латын әліпбиіне негізделген емле ережесі қашан ұсынылады?
- Негізі, жаңа әліпбиге негізделген емле ережесі дайын тұр. Орфографиялық сөздікте төл сөздердің жазылу мәселесімен қатар, кірме сөздердің де емлесі барынша ашылып көрсетілді. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары адам есімдері мен топонимикалық атау-лардың жазылу сөздігін құрастыруда. Егер әліпби мен пернетақта бекітілсе, жазу емлесі де жарыққа шығатын болады.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан –
Тілеуберді САХАБА