ҚАЗАҚ ОПЕРА ӨНЕРІНІҢ МАҚТАНЫШЫ
20.04.2020
Әнші Ш. Әбіловтың 70-жылдығына орай
ҚАЗАҚ ОПЕРА ӨНЕРІНІҢ МАҚТАНЫШЫ
Опера майталманы, ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жерлесіміз Шахимардан Қайдарұлы Әбілов - біздің заманымыздың мақтаныш көрер әйгілі әншісі. Өз шығармашылығында классикалық туындыларды, романстарды, халық әндерін және қазіргі заманның әндерін шебер үйлестіре отырып, қазақ халқының жүрегіне тән сиқырлы сезімдердің толыққанды бейнесін көрсетіп келеді.
Шахимардан Әбіловтың әншілік мектебі әріде екендігі көпке белгілі. Әншіліктің далалық мектебін жиырмасыншы ғасырда Абай философиясы арқылы дамытқан Шәкең Италия төрінен жеткен опера өнерімен ұштастырды. Естай ән салып, Қорланға ғашық болған топырақта дүние есігін ашқан Шәкең бұл өнерді емін-еркін игеріп қана қоймай, өзінің дара қолтаңбасын салып келе жатыр.
Арынды ариялар, бояуы қалың романстар мен қазақстандық және шетелдік композиторлардың 300-ден астам соны туындысын Шахимардан ағамыз үлкен сахнаға алып шықты. Бұл шығармалардың барлығында дерлік басты партияларды орындады: Дж.Вердидің спектаклі Риголетто мен Жермона, М.Төлебаевтың Біржан-Сарасындағы Жанбота мен П.Чайковскийдің «Пиковая дамасындағы» Томскиді, Н.Римский-Корсаковтың «Царской невесте» спектаклінде Грязновты, Е.Рахмадиевтің «Абылай ханында» Бұқар жыраудың рөлдерін және басқа опера кейіпкерлерін шебер сомдап шыққан біртуар дарын иесі.
Қазақтың әншімін дегенінің барлығы Абайдың әнін орындайды. Әрине, «алуан түрлі жүйрік бар әліне қарай шабады» - демекші, Шәкеңнің орындауындағы Абай әндері өзінің тылсым тереңдігін ашып, ұлы тұлғаны биігіне қондырады. Оған талай мәрте өзіміз де куә болдық.
«Шахимардан Әбілов - Абай шығармашылығын зерттейтін жалғыз әнші. Бұл тек шығармашылық қызмет емес, ол ғылыми қызметпен де шектеседі. Әбіловтың опералық қойылымдары мен концерттеріне Қазақстанның барлық облыстарында, сонымен қатар Алматы, Астана, Мәскеу, Киев, Лондон сияқты қалаларда мыңдаған тыңдаушылар қатысты. Әр жерде олар үлкен жетістікпен өтетін» - деп бұлбұл әнші Бибігүл Төлегенова апайымыз өз бағасын берді. Тоқсанның төріндегіБибігүл апайымыз атап өткендей, әншілік және вокалды лириканың тамаша орындаушысы Шахимардан Әбіловтың есімі Қазақстанда және одан тыс жерлерде кеңінен танымал. Қазақстандық композиторлар Е.Рахмадиев, Т.Мұхамеджанов, М.Сағатов, Б.Аманжолов Шахимардан Әбілов үшін арнайы романстар жазды. Бұл өнер тарихында тек дара таланттар үшін жасалатын жұмыс екендігі баршаға аян. Әнші шығармашылығының шыңы - Абайдың өлеңдерінде композициялар қою болды. Абай бейнесінің сахналық көрінісі кәсіби жетілудің, вокалдық шеберліктің, Шахимардан Әбіловтың музыкалық мәдениетінің биігі болып табылады.
Биыл Қазақтың Ұлы да дана ақыны Абайдың 175 жылдығы. Абай жылының салтанатты ашылуы жылдың басында-ақ Түркия елінде аталып өтті. Шахимардан Әбілов түрік мәдениетінің жұлдыздарымен бірге Түркияның президенттік симфониясы оркестрінің сүйемелдеуімен Абайдың музыкалық мұрасын кеңінен орындады. Талантты әртістер көрермендерді Ұлы Ақынның "Айттым сәлем, Қаламқас", "Желсіз түнде жарық ай", "Көзімнің қарасы" және өзге де шығармаларымен тыңдарман қауымды, өнер сүйер халықты тағы да бір қуантты. Әрине, Абай әндерін биігіне жеткізіп орындау жолында талай тер төгілді, ұйқысыз түндер өтті, ізденіске толы уақыттардың қиыншылығын көрді. Оның Абай тұлғасына деген қызығушылығы көп жылдар бойы сақталып қана қоймай, енді міне, өнерінің ұшар шыңына айналды. Соның бір ғана көрінісі - "Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар" атты концерттік кештің өткен жылы "Астана-Опера" театрында өткені Қазақ Елі үшін үлкен бір мереке болды. "Рухани жаңғыру" жолындағы қазақтың ұлттық әндерінің жаңа жағынан асқақтап көрінуі болды. Мұндағы мақсат - "италияндық мектеп" немесе "орыстық мектеп" деген сияқты "қазақтық мектеп" деген классикалық мектептің қалыптасуы үшін орасан зор еңбек сіңіріп қана қоймай, қазақтың кең даласындай қалыптасуына жол көрсетіп жүргендігі - ағамыздың тағы да бір ерекше қасиеті. Қазақ мәдениеті мен өнерін әлемге Абай әндері арқылы танытқан әнші кім десе, алдыменен Шахимардан ағамызды айтамыз.
Сонымен қатар, шетелге тағы бір туған еліміздің атақты ақыны, композитор Естай Беркімбаевтың 150-жылдық мерейтойын Павлодар облысының делегациясы болып, Түркияның Стамбұл және Анкара қалаларында атап өткен күндерге де тоқталып өтсем деймін. Әрине, бұл мерейтойдың шетелде өтуіне бас себепкер болған Түрксой халықаралық ұйымының басшысы, қазақ мәдениетінің шын жанашырларының бірі және бірегейі, композитор, атақты ағамыз Дүйсен Қасейінов болатын. Сөз ретіне қарай айта кетейін, ол кісінің анасы Баянауыл жерінің тумасы болып келеді. Түрік жерінде Естай ақынның танымал әндері орындалды, фильмдер көрсетіліп, көрмелер және кездесулер ұйымдастырылды. Осы жерде оқырман қауымға болған бір оқиғаны баяндап өтуді жөн көрдім. Кешкілікте бүкіл делегацияны - қонақтар ретінде біздерді үлкен мейрамханаға апарды. Мейрамхана толған халық екен. Отырыстың ортасына қарай тілек айтып болған Шәкең, аяқ астынан өзінің зор да керемет даусымен халық әні - "Баянауылды" микрофонсыз орындаған кезде, бүкіл гуілдеп отырған мейрамханадағы түрік халқының толған өкілдері тып-тыныш болып қалғандығы сондай, масаның да ызыңы естілместей болды. Ал ән аяқталғанда біздер танымайтын жүздеген адамдардың орындарынан тұрып, бір ауыздан қол соққан қошеметтерін көрген кезде, кеудемізге мақтаныш сезімін сыйдыра алмадық. Міне, әннің құдіреті, міне, әншінің асқақ даусы ғана емес, керемет орындау шеберлігі! Шәкеңді бұрында қадір тұтушы едім, осы оқиғадан кейін Қазақ боп туғаныма, қазақ әні мен әншінің шетел азаматтарының алдында мерейімізді тасытқанына, ұмытылмастай әсер қалдырғанына асқан ризашылықпен бас идім.
Қазақ мәдениеті мен өнерін, Естай есімін Түрік жеріне таныту жолында Шәкеңмен бірге тізе қосып атқарған істерімізді ыстық ықыласпен еске аламыз. Бұл Шәкеңнің бір ғана шетелдегі өнері туралы көзбен көргендігіміз. Ал, Иран, Ирак, Израиль, Өзбекстан, Испания, Италия, Швеция, Финляндия, Латвия, Литва, Эстония, Португалия, Германия, Франция, Ұлыбритания, Ресей, Жапония, жалпы 50-ге тарта шетелдік сахнаның төрінде айтқан әндерін көзіңізге елестете беріңіз...
Шахимардан Әбілов - Ертіс-Баян өңіріндегі ғажайып әншілік өнердің түлегі бола отырып, оны әлемдік деңгейде жалғастырған әнші. Бүркітбай, Жарылғапберді, Жаяу Мұса, Қали Байжанов, Естай Беркімбаевтардан бері келе жатқан әншілік өнерді жан-жақты дамыту жұмыстарын да атқарып келеді. Осы мақсат жолында Павлодар облысының музыкалық колледжі жанындағы вокалдық орындаушылық Академиясының негізін қалады. Бүгінде бұл білім ордасынан көптеген жас шәкірттер тәлім алуда. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясындағы ұстаздық жолы үлкен жемісін беріп келеді. Осы уақытқа шейін 50-ге жуық елге белгілі әнші-шәкірттерін дайындады, оның 12-сі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері болды. Ал, Қазақ ұлттық өнер университетіндегі бүгінгі күнгі істері өз алдына бір бөлек дүние. Ол өзінің дарыны мен күш-жігерін Қазақтың рухани ұлттық дәстүрлерін сақтауға және жетілдіруге арнаған адам. Ендеше, Ертіс-Баян елі болып жоғары деңгейде мерейтойын тойлайтын, сәтін салатын сағат та Алла жазса туар деп ойлаймын.
Шахимардан Әбілов өзінің таланты мен кәсібилігін растайтын бірқатар атақтар мен дәрежелерге ие болған, елі қадір тұтатын атпал азамат. Ол кісі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Білім беру ісінің еңбек сіңірген қызметкері, Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Құрманғазы халықаралық шығармашылық академиясының академигі, Павлодар облысының құрметті азаматы, "Құрмет" және 3-ші дәрежелі Барыс ордендерінің иегері.
Шахимардан ағамыз Мағруза жеңгемізбен бірге балалары және немерелерінің ортасында бақытты ата мен әже болып отыр.
Дана Абайдың әндерін өмір бойы орындап, әлемге танытқан қазақ халқының дарынды ұлы Шахимардан Әбілов 70 жасқа толып отыр. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті түсіріп жатқан "Ертіс-Баян өңірінің 100 тарихи тұлғалары" сериясының 75-ші қысқаметражды фильмін, Шахимардан Әбілов ағамыздың Павлодар облысының тумасы ретінде елімізді Қазақстанға ғана емес, әлемге танытып жүргендігін мақтаныш сезіммен бағалай отырып, арнаймыз деп шештік. Өнердің дара жолын қалыптастырып, халқының ән қазынасын әлемге насихат еткен дүлділ де дара тұлғаға мерейтойыңыз құтты болсын дейміз. Даладай кең дархан дауысыңызбен халықтың жүрегін әнмен тербеп жүре беріңіз!
Алтынбек НУХҰЛЫ, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, профессор