Перейти к содержимому страницы.

АКАДЕМИК ƏЛКЕЙ МАРҒҰЛАННЫҢ ЕСКЕРТКІШ-МҮСІНІ АШЫЛДЫ

15.11.2023

Марғұлан университетінде тағы бір тарихи оқиға орын алды. Өткен жылы ғана университетке есімі берілген қазақтың көрнекті ғалымы, Ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы, филология ғылымының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Әлкей Марғұланның ескерткіш-мүсіні орнатылды. Бүгін мүсіннің ашылуына арналған салтанатты шара өтіп, оған Ә.Х.Марғұлан атындағы халықаралық қордың төрайымы, медицина ғылымдарының кандидаты, академиктің қызы Данель Марғұлан, облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина, Ақсу қаласы мен Баянауыл ауданының құрметті азаматы, Павлодар қаласының соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, Кенже Кеңесбаев, Әлкей Марғұланның туысы Әділ Жүнісов және басқа да құрметті меймандар қатысты.

Салтанатты шараға жиналған қонақтар мен университет ұжымын Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев құттықтады.

- Бүгін біздің университет ұжымы үшін тарихи сәт. Білім ордамызда қазақ археологиясының атасы, ғалым, академик Әлкей Марғұланның ескерткіш бюстін ашу рәсіміне қатысып отырсыздар. Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті 60 жылдан астам терең тарихы мен бай дәстүрі бар, заманауи университет. Ғылым мен инновация саласындағы жетістіктеріміз де жыл сайын ұлғайып келеді. Бұл руха берік, бірлігі бекем университет ұжымының ерен еңбегінің жемісі. Марғұлан университетінен 60 жыл ішінде 40 мыңнан астам түлек диплом алып, еліміздің әр облысында жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы университеттің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында қара шаңыраққа академик Әлкей Марғұланның есімі берілген болатын. Әріптестеріміз оны зор жауапкершілікпен қабылдап, Әлкей Хақанұлының 120 жылдық мерейтойының алдында мүсінін қоямыз деп жоспарлаған едік. Сол игілікті істің сәті бүгін түсіп, оған барлықтарыңыз куә болып отырсыздар. Бұл біздің университет үшін ғана емес, бүкіл Ертіс-Баян өңірі үшін маңызды оқиға. 2024 жылдың 11 мамырында академиктің туғанына 120 жыл толады. Осы мерейтойға орай Әлкей Марғұлан атындағы археология институтымен бірлесіп, ауқымды халықаралық конференция өткізетін боламыз. Оған сіздер де куә боласыздар деп сенемін, - деді Жанбол Октябрьұлы.
Қоладан құйылған алып мүсіннің түр сипаты және автордың шеберлігі академиктің ұрпақтары мен туыстарының да көңілінен шықты. Мәселен академиктің ұрпағы Данель Әлкейқызы өз сөзінде әкесінің ескерткішін көрген сәтте ерекше әсер алғанын айтып, ғалымға көрсетілген айрықша құрмет пен тағзым үшін университет ұжымына ризашылығын білдірді.

-Бүгін мен ерекше қуанышты сезімдемін. Өйткені әкемнің туған жері Ертіс-Баян өңірінде және өзінің есімімен аталатын университеттің жанына мүсіні бой көтерді. Осы ретте университет басшылығына, ардагерлер кеңесіне және мүсіннің авторына шынайы алғысымды білдіремін. Марғұлан Университеті жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында үлкен іс атқарып келеді. Ендеше Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолындағы игілікті еңбектеріңізге сәттілік тілеймін, - деді Данель Марғұлан.
Ал облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина академиктің тарих, археология және педагогика саласындағы еңбегіне тоқталды.

- Бүгін әдебиет, өнер және шығыстанушы, ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, жерлесіміз академик Әлкей Хақанұлы Марғұланға орнатылған мүсіннің ашылу салтанатының куәгері болып отырмыз. Бұл аймағымыз үшін тарихи сәт, есте қалар ерекше оқиға. Әлкей Марғұлан Қазақстандағы этнограф, археолог, тарихшылардың бірнеше буынын даярлады. Ғалымның жетекшілігімен 50-ден аса докторлық және кандидаттық диссертация қорғалды. Еңбектері бірқатар шет тілдеріне аударылды. Ендеше ғылыми мұрасын жалғастыру бүгінгі ұрпақтың міндеті. Соңына өшпес мұра қалдырған Әлкей Марғұланның өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа әрқашан жол көрсетіп, жарқын болашаққа бастай беретініне кәміл сенеміз, - деді Самал Оспанқызы.

Айта кету керек, тарихи туындының авторы Қазақстан көркемөнер академиясының академигі, суретшілер одағының мүшесі Мұрат Мансуров. Мүсін қоладан құйылған, биіктігі – 3,5 метр.

Шара барысында университеттің жас ақындары – Бексұлтан Қайдаров, Есенгелді Жәнібек және Нұрайна Серік Әлкей Марғұланға арнау өлеңдерін оқып, жиналған жұрттың құрметіне жырдан шашу шашты.