ALTI 2025 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНА ҚАТЫСУ (БІШКЕК Қ., ҚЫРҒЫЗСТАН, AUCA)
30.06.2025
Археологиялық зерттеулер институтының «UMAI» мәдени мұраны сақтау және қалпына келтірудің халықаралық зертханасының меңгерушісі Тетяна Крупа 2025 жылдың 12–13 маусымы аралығында Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен Academic Libraries: Trends and Innovations (ALTI 2025) халықаралық конференциясына қатысты. Іссапар Орталық Азиядағы Америка университетімен (American University of Central Asia, Бішкек қ., Қырғызстан) әріптестік аясында жүзеге асты. Аталған іс-шараға Азия, Америка және Еуропаның 20 елінен өкілдері қатысты.
Конференцияның ғылыми бағдарламасы шеңберінде Тетяна Крупа “Research and Conservation of Archaeological Paper from the Ili-Balyk Necropolis Excavations in Kazakhstan” атты баяндама жасады. Баяндамада Қазақстан аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған бірегей жазба ескерткішті зерттеу және қалпына келтіру мәселелері қарастырылды. Бұл жұмыс «UMAI» халықаралық зертханасында орындаған және ол тек реставраторлар үшін ғана емес, сонымен қатар өңірдің жазба мұрасын зерттейтін тарихшылар үшін де зор ғылыми қызығушылық тудырады.
Постерлік сессия барысында зертхана мамандары дайындаған, Болған-Ана кесенесінен табылған (Алтын Орда дәуірі, Қазақстан) шапанның үлгісін қалпына келтіріп, көшірмесін жасау бойынша танымал жоба ұсынылды. Бұл жоба конференция қатысушылары арасында зор қызығушылық туғызып, кәсіби пікірталасқа себеп болды.
Сондай-ақ, Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті мен Орталық Азиядағы Америка университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында Қырғызстан аумағынан табылған X ғасырдың соңына жататын археологиялық тоқыма бұйымдарын сақтау бойынша материалдар таныстырылды. Аталған жұмыстар Бішкек қаласында, AUCA студенттерімен бірлесіп, Тетяна Крупаның ғылыми жетекшілігімен жүзеге асырылуда.
Тетяна Крупа археология саласындағы реставрация пәні бойынша екі университетте де дәріс оқиды. Мұндай нәтижелі ынтымақтастық Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарының дамуына ғана емес, сонымен қатар мәдени мұраны сақтау мәселелерін кең трансөңірлік аяда шешуге ықпал етеді.