Перейти к содержимому страницы.

«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» КИНОСЫ ЖАСТАРҒА ОЙ САЛДЫ

14.03.2026

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде 2026 жылғы 10–13 наурыз аралығында студент жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында қысқаметражды фильмдерді талқылау форматындағы кездесулер өткізілді.

Аталған іс-шаралар барысында университет студенттеріне әлеуметтік мазмұндағы «Не книжные закладки» және «Хулиганка» атты қысқаметражды фильмдер көрсетілді. Фильмдерде жастар арасында жиі кездесетін өзекті мәселелер – заңсыз әрекеттерге тартылу қаупі, «жеңіл табыс» ұсыныстары, сондай-ақ буллинг пен агрессивті мінез-құлықтың салдары кеңінен көрініс тапқан.

Көрсетілімдерден кейін студенттердің қатысуымен ашық пікірталастар ұйымдастырылып, фильм кейіпкерлерінің әрекеттері, олардың қабылдаған шешімдері және осындай жағдайлардың алдын алу жолдары талқыланды. Пікір алмасу барысында жастар құқықбұзушылықтың салдары, жеке жауапкершілік және заң талаптарын сақтау мәдениеті жөнінде өз көзқарастарын білдірді.

 Іс-шаралардың негізгі мақсаты – студент жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сыни ойлау қабілетін дамыту және заң талаптарын құрметтеу мәдениетін қалыптастыру. Сонымен қатар жастарға әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын күмәнді ұсыныстарға сын көзбен қарап, жеке қауіпсіздікті сақтаудың маңыздылығы түсіндірілді. Студенттер мұндай профилактикалық форматтағы кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, көтерілген тақырыптардың жастар үшін аса өзекті екенін жеткізді.

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде студент жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ағартушылық және профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.