БАСТЫ МАҚСАТ - ПЕДАГОГТАРДЫ ДАЯРЛАУ САПАСЫН АРТТЫРУ
12.05.2022
Павлодар педагогикалық университетінің педагогика жоғары мектебінде білім беру бағдарламалары жөніндегі комитеттің кеңейтілген отырысы ұйымдастырылды. Шара ППУ мен облыстық білім беру басқармасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында өтті. Отырысқа педагогтарды даярлау сапасын арттыру мақсатында облыстың жетекші педагогтері шақырылды. Мұғалімдер мен психологтар «Педагогика және психология», «Арнайы педагогика», «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі», «Мектепке дейінгі білім беру педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламаларының мазмұны бойынша баяндама жасады.
-Кездесу барысында педагогика жоғары мектебінің деканы Ботагөз Нұрмағамбетова ҚР БҒМ директивалық құжаттарында белгіленген педагогикалық білім берудің жаңа трендтеріне сәйкес жоғары мектеп педагогтерінің алдына қоятын негізгі міндеттерін атап өтті. Олардың ішінде жұмыс берушілердің сұраныстарына жауап беретін мамандарды даярлау маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, ұстаздардың тілектері мен ескертулері ЖОО ғалымдары үшін өте маңызды екенін атап өтті. Мәселен, ерте даму қағидаттарын енгізу, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істей алатын мамандар даярлау, оқытудың барлық кезеңінде балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Отырыс барысында көтерілген мәселелердің барлығын тек жоғары оқу орны мен мектептің тығыз ынтымақтастығымен шешу арқылы болады, - деп Педагогика Жоғары мектебінің ББ комитетінің төрайымы Бибігүл Кильдибекова тұжырымдады.
Кеңес соңында жалпы орта білім беретін мектептің нақты қажеттілігіне қарай білім беру бағдарламаларына өзгерістер енгізу туралы шешімдер қабылданды.