Ғылыми кеңес отырысында ППУ-дың өзекті мәселелері қаралды
01.04.2021
Павлодар педагогикалық университетінде онлайн режимінде Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. ППУ-дың Басқарма төрағасы – ректор Жанбол Жилбаев күн тәртібіндегі мәселелерді ортаға салып, Ғылыми кеңестің жаңа құрамына сайланған «Ақылдастар алқасы» кеңесінің төрағасы – Қ.У. Базарбековті және студенттер өкілі «Тарих және дінтану» білім беру бағдарламасының 3 курс студенті Д.Н. Жұмабайды таныстырды.
Күн тәртібінде қаралған маңызды мәселелердің бірі – ППУ-ды цифрландыру тұжырымдамасы болды. Цифрландыру орталығының директоры Р.Д. Құрманғалиева өз баяндамасында университеттің цифрландыру жүйесінің ағымдағы жай-күйі және одан әрі дамыту саласындағы жоспарлары туралы айтып берді.
- Қазір университеттің жеке ақпараттық жүйесін құру қолға алынды. Жоспар бойынша алда атқарылатын ауқымды жұмыстар көп: қашықтықтан оқыту жүйесін жаңғырту, ЖОО-ның мультимедиялық жабдықтары мен компьютерлік паркін жаңарту, бейнебақылау жүйесін кеңейту, ҰБ кітап қорын штрихкодтау, деректерді сақтау жүйесін енгізу, қосымша білім беру институтының сайтын әзірлеу, ақпараттық жүйелерді ППУ-дың бірыңғай корпоративтік жүйесіне интеграциялау және т.б. - деп атап өтті Раушан Құрманғалиева.
Сондай-ақ Ғылыми кеңестің отырысы барысында ЖОО-да білім беру сапасын арттыру мен ғылыми қызметті дамытуға бағытталған: ППУ стратегиялық даму жоспарын іске асыру бойынша гуманитарлық ғылымдар Жоғары мектебінің қызметі туралы, стейкхолдерлер арасында университеттің тартымдылығын арттыру, "Академиялық артықшылық орталығын" құру туралы, 2021-2022 оқу жылына арналған бакалавриаттың, магистратураның, докторантураның білім беру бағдарламаларын бекіту туралы және т.б. маңызды мәселелер қаралды.
Күн тәртібінде қарастырылған сұрақтарды талқылауға Ғылыми кеңес мүшелері белсенді қатысып, баяндамаларда жеке бағыттар бойынша жұмысты жетілдіру ұсыныстары айтылды. Ғылыми кеңес отырысының қорытындысы бойынша келісті шешімдер қабылданды.