Перейти к содержимому страницы.

УНИВЕРСИТЕТТІҢ ПРОФЕССОРЛЫҚ-ОҚЫТУШЫЛЫҚ ҚҰРАМЫ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ МЕДАЛЬМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

07.12.2022

Биыл 1 желтоқсанда Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ашылғанына – 60 жыл толды. Күні кеше мерейтойға арналған салтанатты шара ұйымдастырылып, оған еліміздің бірқатар өңірінен және алыс-жақын шетелден танымал ғалымдар келіп қатысып, университет ұжымын құттықтады. Бүгін университеттің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев осы ұстаздар ордасында ұзақ жыл еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп жүрген профессорлық-оқытушылық құрамын, әкімшілік қызметкерлерін 60 жылдық мерейтойлық медальмен марапаттады. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін атқарған абыройлы еңбектері үшін алғысын да білдірді.

- Қазақтың ұлттық археологиясының атасы, көрнекті ғалым, Академик Әлкей Марғұланның есімін еншілеу біз үшін үлкен абырой және жүктелген жауапкершілік. Біз осы жауапкершілікті абыроймен атқарамыз деп сенемін. Алдымызда бұдан да үлкен жұмыстар күтіп тұр. Ол 2024 жылы келетін Әлкей Марғұланның 120 жылдық мерейтойы. Осы айтулы шараға дайындықты бастап кеттік.Мерейтой қарсаңында университеттің бас алаңында үлкен мүсінін орнатуды жоспарлап отырмыз. Ал университеттің 60 жылдық мерейтойына орай бірнеше маңызды шара ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарды сіздермен бірлесіп ойдағыдай атқардық деп ойлаймын. Осы шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша әріптестеріме алғыс білдіремін, - деді Жанбол Октябрьұлы.

Университеттің мерейтойлық медалімен гуманитарлық ғылымдар, жаратылыстану ғылымдар, педагогика, өнер және спорт жоғары мектептерінің декандары, профессорлары мен оқытушылары марапатталды. Сонымен қоса, ауқымды ғылыми жұмыстармен айналысып, оқу ордасының атын шығарып жүрген ғалымдарға да құрмет көрсетілді.

Марапаттау рәсімінің соңы концерттік бағдарламамен жалғасып, Досұлан Бәти, Әмина Сағындықова және «Самғау» ансамблі әсем әнмен шашу шашты.