Перейти к содержимому страницы.

УНИВЕРСИТЕТТІҢ ДАМУЫНА ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

05.12.2022

Бүгін Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің 60 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті. Шараға еліміздің әр өңірінен және алыс-жақын шетелдерден келген білікті ғалымдар, университет түлектері мен бұрынғы қызметкерлері және қазіргі ұжымы мен студенттері қатысты. Салтанатты жиын кезінде ұстаздар ордасының дамуына үлесін қосқан бірқатар ғылмдар мен қызметкерлерге мерейтойлық марапаттар берілді.
Алдымен ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев университет түлектерін, ұжымын және студенттерін биылғы 60 жылдық мерейтоймен құттықтады.

- Биыл Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің негізі қаланғанына 60 жыл толып отыр. Ертіс-Баян өңірінің ұстаздар ордасы атанған киелі қара шаңырақ ұжымы осы уақытқа дейін мыңдаған талантты шәкірттерді даярлап шықты. Өз ісіне бекем, жоғары білімді, кәсіби әлеуеті мықты ұстаздар қалыптасты. Еліміздің экономикалық, мәдени дамуы мен өркендеуі жолында мұғалімнің еңбегі өлшеусіз. Сондықтан педагогикалық университеттермен институттардың қоғамда және мемлекетте маңызы зор. Мұғалімдерді оқыту – ол жоғары миссия және үлкен жауапкершілік. Университет ұжымын 60 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, ел игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстарыңызға табыс, еңбектеріңізге жеміс тілеймін, - деді Қуаныш Асылханұлы.

Осы шарада университет профессорлары Зифа Темірғазина Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт тоқаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденімен және Роза Мұқанова «ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН» медалімен марапатталады. Сондай-ақ, тағы бір қатар оқытушыға ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты берілді.

Ал университеттің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев университетке ұзақ жыл еңбегі сіңген қызметкерлерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады. Сонымен қатар, оқу орынның бұрынғы ректоры Нұрғали Аршабеков және Павлодар педагогикалық университетінің танымал түлектері Гүлбарам Наруызбаева мен Бақыт Бексейітова Павлодар педагогикалық университетіне 60-жыл мерейтойлық медалімен марапатталады. Салтанатты шара Иса Байзақов атындағы облыстық филармония өнерпаздары әзірлеген мерекелік концертпен жалғасты.