УНИВЕРСИТЕТ ПЕН МЕКТЕП АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС
25.05.2023
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Жанбол Жилбаев облыс орталығындағы №39-шы ЖОББМ-нің басшылығымен кездесті. Мақсат – университет пен білім беру мекемесі арасындағы байланысты нығайту.
Жиын барысында білім саласына қатысты көптеген өзекті тақырыптар талқыланды. Әсіресе, студенттерді жоғары оқу орынын аяқтаған соң жұмыспен қамту мәселесі кеңінен талқыланды. Айта кету керек, Марғұлан университеті мен аталмыш жалпы орта білім беру мектебі етене араласады. Тіпті, жоғарғы оқу орнының студенттері бұл жерден тәжірибеден өтеді.
Келелі кездесу барысында №39 ЖОББМ директоры Зәуреш Ахмадова мұндай жиындардың жиі өткізіліп тұруы қос тарапқа да орасан зор пайдасын тигізетіндігін атап өтті. Мәселен, аталмыш білім мекемесінің қызметкерлерінің басым бөлігі Марғұлан университетінің түлегі. Бұдан әрі қарай да қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.
Ал, Басқарма төрағасы-ректор Жанбол Октябрұлы мектеп қабырғасында педагогикалық сынып ашу туралы ұсынысты қолдайтындығын жеткізді. Себебі, қазіргі таңда Марғұлан университетінің мұрындық болуымен облыстағы 13 мектепте аталмыш жоба жүзеге асырылуда.
Жиын соңында Жанбол Жилбаев мектеп директорына естелік сыйлық табыстап, университеттің мерейтойлық төсбелгісін тақты.