Перейти к содержимому страницы.

УНИВЕРСИТЕТ ПЕН МАЙ АУДАНЫ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛДІ

05.12.2025

Университет делегациясының облыс аудандарына жұмыс сапары жалғасуда. Бұл жолғы бағыт – Май ауданы.

Сапар барысында университет ректорын және делегация мүшелерін Май ауданының әкімі Қадылжан Сатиев ресми түрде қарсы алып, тараптар ауданның білім саласындағы мәселелер мен бірлескен жобаларды талқылау үшін әкімішілікке барды. Кездесу барысында өңірде педагог кадрлар даярлау, мектептермен серіктестік орнату және жастардың кәсіби бағдарын дамыту мәселелері көтерілді.

Әкімдіктегі қабылдаудан кейін университет ректоры Ержан Әмірбекұлы аудан мектептерінің ұстаздарымен, мектеп директорларының орынбасарларымен, психологтарымен және білім саласының өкілдерімен кездесті. Кездесуге Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Енсебаев Руслан қатысып, мектептер мен университет арасындағы кооперация мүмкіндіктері қарастырылды.

Кездесу нәтижесінде ауданда педагогикалық сынып ашу туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – ауыл мектептерінде педагогикалық бағытқа қызығушылық танытқан оқушыларды ерте кәсіби бағдарлау мен өңір үшін педагогикалық резерв қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Меморандум аясында педагогикалық сыныптың алғашқы оқушыларына арнайы төсбелгілер табысталды, бұл олардың болашақ педагог мамандығына қадам басқанын айқындайтын ерекше символ болды.

Университет ректоры сапар барысында «Ұстаз тұлғасы және қазіргі заман мұғалімінің жаңа бейнесі» атты дәріс оқып, бүгінгі педагогтың кәсіби құзыреттері, қоғамдағы рөлі және заманауи талаптар туралы маңызды ойлармен бөлісті.

Сонымен қатар университет психологы Арай Бейсембайқызы мектеп оқушыларымен тұлғалық даму және мотивацияға бағытталған тренинг өткізіп, олардың болашақ мамандық таңдаудағы сенімін арттыруға ықпал етті.

Университеттің Май ауданымен орнатқан әріптестігі өңірдегі білім сапасын арттыруға, жас буынды қолдауға және педагог кадрларын даярлауға жаңа серпін береді.