УНИВЕРСИТЕТ АРДАГЕРІ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ МЕДАЛЬМЕН МАРАПАТТАЛДЫ
21.12.2022
Әр ұжым алдыңғы толқын аға буын өкілдерімен, ұзақ жыл еңбегін сіңірген ардагерлерімен мақтанады. Дәл сондай қазыналы қариялар, ақылшы ақсақалдар Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде де бар. Солардың бірі – философия ғылымдарының кандидаты, профессор, Павлодар қаласының және Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Қабиден Зағыпаров. Бүгін Қабиден Фатқоллаұлы өзі ұзақ жыл еңбек еткен педагогикалық университетке арнайы келіп, оқу орнының 60 жылдығы қарсаңында атқарылған жұмыстармен танысты. Ардагер ұстазды MARGULAN UNIVERSITY-нің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев қарсы алып, мерейтойға орай енгізілген жаңашылдықтармен таныстырды.
Қабиден ақсақал университет төріне жаңадан орнатылған Академик Әлкей Марғұланның мүсінімен танысып, ғалымның бейнесін айнытпай салған мүсіншілердің еңбегіне ризашылық білдірді.
- Әлкей Марғұлан Қазақстан ғылымының ұлы тұлғалары қатарында ерекше орны бар ғалым. Әлекең алдымен Ленинградта оқып, жан-жақты білім алды. Сол алған білімін ұлттың болашағы жолында пайдаланып, елімізде археология ғылымының негізін салды. Ол энциклопедиялық білімі бар жан-жақты ғалым. Әлкей Хақанұлы тарихшы, әдебиетші, өнертанушы этногроф. Яғни, ғылым мен білімнің барлық саласына қомақты үлес қосты. Сондықтан, осындай тұлғаның атын университетке беріп, ұлықтау өте құптарлық іс. Жаңадан орнатылған бюстті бүгін жақыннан тамашалап, ерекше таңданыспен, тебіреніспен кетіп барамын. Бұл біздің университет ұжымына артылған үлкен жауапкершілік, - деді Қабиден Фатқоллаұлы.
Сонымен қатар, Қ.Зағыпаров университеттің бірінші қабатындағы коворкинг типіндегі асханаға кіріп көрді. Ал Ертіс-Баян өңірінің мақтанышы, көрнекті ғалым, Академик Әбікен Бектұровтың құрметіне ашылған оқу аудиториясы да ерекше ұнады. Құрметті қонағымыз жаңа аудиторияның жабдықталуына жоғары бағасын берді.
- Техника ғылымдарының докторы Қазақстанға ғана емес, кезінде Кеңес Одағына белгілі ғалым, Академик Әбікен Бектұровтың есімін де ұмыт қалдырмай ұлықтап жатыр екенсіздер. Жерлес ғалымның атында жеке аудитория ашылып, жоғары деңгейде жабдықталған екен. Мұны кейінгі ұрпақ үшін рухани және тәрбиелік маңызы бар іс деп білеміз. Осындай өнегелі де үлгілі істерді тиянақты атқара білген университет басшылығына алғыс білдіремін, - деді Қ.Зағыпаров.
Ардагер ұстаздың университетке сапары келелі кездесумен жалғасын тапты. Өз кезегінде университеттің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев ардагердің кеудесіне оқу ордасының 60 жылдығына арналған мерейтойлық медалін тағып, айрықша сый-құрметін көрсетті.