ҒАЛЫМДАР МЕН СТУДЕНТТЕР КЕҢЕСІ
01.04.2022
Павлодар педагогикалық университетінің ғалымдары студенттермен кездесіп, ғылымға бет бұрған жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Шараға тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің доценті Нұркен Күзембаев, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Спорт және өнер жоғары мектебінің доценті Жанар Усина, философия ғылымдарының докторы (PhD), Спорт және өнер жоғары мектебінің оқытушы-зерттеушісі Бауыржан Нұрымов, философия ғылымдарының докторы (PhD), Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің доценті Айгүл Садықова қатысты. Дөңгелек үстел модераторы, кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Мұратқызы Төлебаева өз сөзінде мұндай кездесулердің өте маңызды екенін атап өтті, өйткені мұндай жиындар студенттерді ғылыми қызметке тартуға ықпал етеді.
Кездесу барысында университет студенттері мен ғалымдары арасында қызықты диалог өрбіп, әртүрлі тақырыпта сұрақтар қойылды. Ғалымдар өз сөздерінде ғылымға келу жолдары туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, педагогика саласын, соның ішінде ғылыммен айналысуға шешім қабылдаған жастарға мүмкіндік мол екенін айтты.
Е.Бекмаханов атындағы ғылыми кітапхана басшысы Роза Игібаева ашып, ғалымдар құрамына алғыс білдірді.
- Биыл біздің университеттің ашылғанына 60 жыл толғаны баршаңызға аян. Осы мерейлі датаға орай көптеген маңызды жиындар, келелі кездесулер ұйымдастырылуда. Осы жолы кітапханаға универсиеттің жас ғалымдарын шақырып отырмыз. Сонымен қатар, болашақта ғылым саласына барғысы келетін студенттерді де келіп, ғалымдардың дәрісін тыңдады. 12 сәуір Қазақстанда ғылым күні екені белгілі. Міне, осы күнге орай жас ғалымдар студенттерге ақыл-кеңестерін берді. Себебі, бізде жаңашылдыққа құштар, еңбекқор ғалымдар өте көп. Міне, солар өздерінің білген, зерттеген тақырыптарын жастармен әрдайым бөлісіп отыруы керек,- дейді кітапхана басшысы Роза Игібаева.
Шара соңында «ППУ даңқын асқақтатқан ғалымдар, ұстаздар» атты слайд көрсетіліп, шағын кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеге жергілікті ғалымдардың еңбектері, мақалалары, оқу құралдары қойылды. Сондай-ақ, Таяу Шығыс, Еуропа, Ресей елдеріндегі беделді журналдарда жарияланған мақалар да таныстырылды.