СТЕЙКХОЛДЕРЛАРМЕН КЕЗДЕСУ: БОЛАШАҚ МҰҒАЛІМ ҚАНДАЙ БОЛУ КЕРЕК?
20.05.2022
Павлодар педагогикалық университетінде білім беру бағдарламаларын талқылау мақсатында стейкхолдерлар: жұмыс берушілер, директорлар, оқу ісінің меңгерушілері, мектеп мұғалімдері, колледж оқытушыларымен кездесу өтті.
Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ольга Андрющенко өзінің құттықтау сөзінде университеттердің академиялық саясатындағы тенденцияларды және Павлодар педагогикалық университет миссиясы туралы айтты.
«Болашақ мұғалімдерді даярлау – өте үлкен, жауапты, жүйелі жұмыс, өйткені жыл сайын қоғам тарапынан ұстаздарға қойылатын талаптар артып келеді.Біз өз алдымызға елдің зияткерлік капиталын үнемі жетілдіретін, білімді педагогтарды қалыптастыруға қабілетті білікті кадрларды дайындайтын ғылыми-білім беру кешені болу міндетін қойдық», - деді ол.
Жиын барысында болашақ мұғалімдерге қажетті құзыреттіліктер жөнінде қызу пікірталас болды.
Педагогикалық жоғары оқу орнының түлегі – үлгілі ұстаз қандай болуы керек екенін университет, мектеп және колледж оқытушылары талқылады.
Мүдделі тараптар білім беру бағдарламаларын талдап, болашақ мұғалімдерге қандай құзіреттіліктер қажет, оларда қандай білім, білік, дағдыларды қалыптастыру қажет екендігі туралы айтты.
Микробіліктілік және нано-оқыту тақырыптары, қысқа мерзімде нақты білім, дағдылар мен құзыреттерді меңгеру мәселелері де талқылаудың өзекті тақырыптары болды.
Талқылау секциялар форматында жалғасты, онда нақты білім беру бағдарламалары жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, кездесу барысында университет ғалымдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен, Дүниежүзілік банкпен және Финляндиядағы әріптестермен бірлесіп әзірлеген жаңа білім беру бағдарламалары қарастырылды.