Перейти к содержимому страницы.

ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛДЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАРЫ

13.03.2025

Өнер және спорт жоғары мектебінің «Көркем еңбек графика және жобалау” білім беру бағдарламасының 4 курс студенттері орта мектептерде өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Жанна Байғұрманова, Айнұр Жүсіпова, Мерей Серікқали сынды студенттер Павлодар қаласының №30, №22 жалпы орта білім беру мектептерінде көркем еңбек пәнінен сабақ беруде. Тәжірибе барысында олар күнтізбелік-тақырыптық жоспарға сәйкес сабақ өткізеді. Мысалы "Дизайн және технология" бөлімі бойынша оқушыларға тігу, тоқу және бұйым жасау дағдыларын үйретіп жатыр. Осылайша өздерінің университет қабырғасынан алған білімдерін оқушыларға тәжірибе жүзінде қолданып, ұстаздық қызметтің қыр-сырымен жақын танысуда. Одан бөлек, көркем еңбек апталығында «Изонить», «Тоқыма өнері», «Гүл жасау техникасы», «Наурыз көже жасау» бағыттары бойынша шеберлік сағаттары өткізділді. Онда тоқыма тоқу, қолөнер бұйымын жасау және Наурыз көжесін пісірудің әдіс-тәсілдерін де көрсеткендерін айтады.
- Оқыту процесін қызықты әрі нәтижелі болғызу үшін әртүрлі көрнекі құралдар мен мысалдарды қолданамыз. Бұл оқушылардың тақырыпты тереңірек түсініп, практикалық дағдыларды меңгеруіне көмектеседі. Сонымен қатар, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, өз қолдарымен бұйым жасауда шеберліктерін арттыруға ықпал етеміз. Әр балаға жеке көзқараспен қарау, олардың қызығушылықтарын ескеру және ынталандыру арқылы тиімді байланыс орнатуға болатынын түсіндік. Сонымен қатар, сынып жетекшілігінің қыр-сырын меңгеріп, мұғалімнің тек сабақ беруші ғана емес оқушылардың тәлімгері, кеңесшісі әрі бағыттаушысы екенін түсіндік, - деді КЕГжЖ-41 тобының студенті Мерей Серікқали.
Студенттердің өндірістік тәжірибесі 10 аптаға жоспарланған. Олар 11 сәуірде мектептегі жұмыстарын аяқтап, университетке оралатын болады.