Перейти к содержимому страницы.

"ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР - ҰРПАҚҚА МҰРА" КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

21.04.2022

2022 жылғы 20 сәуір Орталық қалалық кітапханада Павлодар қаласының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Ульян Мақұлұлының «Ұлттық құндылықтар – ұрпаққа мұра» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл іс-шараға «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшының орынбасары, «НҰР АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің басшысы, М. Қанапиянов атындағы Жоғары колледжінен «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенттері қатысты. Аталмыш тұсаукесерге Павлодар педагогикалық университеті Әкімшілік департаменті құжат айналымы және бақылау бөлімінің мемлекеттік тіл жөніндегі маманы Ерболат Ғалымжанұлы Асылбеков арнайы шақыртылып, осы кітаптың жарыққа шығуына қосқан үлесі үшін Павлодар облыстық Ардагерлер кеңесі «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ермек Сағымбайұлы Жұматовтың Алғысхатымен марапатталды. Университетіміздің қызметкерін бұл марапатымен құттықтаймыз, кітап жазу ісі әрдайым жауапкершілігі мол іс және ұлттық мәселенің мұра болып қалыптасуына маңызы зор екендігін ескерсек, бұл айтуға тұрарлық дүние. Ұлттық құндылықтарды насихаттайтын, осындай кітаптың жарық көруі қазіргі уақытта ең қажет дүниелердің бірі және елге сыйлы ақсақалдардың тарапынан қолға алынған ертеңгі ұрпаққа берері мол іс. Кітап сөзімен айтар болсақ «Қазіргі аумалы-төкпелі жаһандану дәуірінде адамдардың ғаламдық теріс пиғылдағы түрлі-түрлі ақпарат ағымдарының әсеріне сүңгіп, ұлттық тамаша тәрбие құндылықтарымыздан бірте-бірте ажырап қалатындай қауіптердің төніп келе жатқанын ойласақ, бұл мәселеге осы бастан атүсті қарауға әсте болмайтынын өмірдің өзі ескертіп тұрғандай».