ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БІРІКТІРУШІ ПЛАТФОРМАСЫ РЕТІНДЕ
28.06.2022
Жақында ғана жаңа құрылған Ұлытау облысында алғашқы ұлттық құрылтай өткені баршаға мәлім. Ұлытау төрінде өткен ұлы мәжіліске Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және ұлттың жоғын жоқтап, сөзін сөйлеп жүрген Мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал саясаткерлер, есімдері елге мәшһүр ақын-жазушылар және басқа да өзіндік пікірі бар белсенді азаматтар қатысты. Алқалы жиында Жаңа Қазақстанның өркендеуі һәм ұлт пен ұрпақ болашағы туралы маңызды мәселелер талқыланды. Дегенмен, онда ортаға салынған ұсыныстар, айтылған мәселелер, талқыланған сұрақтар сол жерде ғана қалып қоймай қоғамдық деңгейде іске асуы тиіс. Бүгін Павлодар педагогикалық университетінде «Ұлттық құрылтай Қазақстанның біріктіруші платформасы ретінде» атты дөңгелек үстел өтіп, сол ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстарды іске асыру мәселесі талқыланды.
Жиынға ППУ Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин қатысып, Ұлытау төрінде айтылған мәселелерді іске асыру әр азаматтың парызы екенін жеткізді.
- Елімізде болып жатқан реформалар әрбір Қазақстан азаматы үшін маңызды. Бұл реформалар Жаңа Қазақстанның қалыптасуына, құрылуына әкелетін міндеттер деп білеміз. Ұлттық құрылтайда үш басты мақсат қойылды. Біріншісі - ұлттық бірлікті нығайту, екіншісі – республикалық реформаның мән-маңызын халыққа түсіндіру, үшіншісі – жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға тарту. Себебі, отандық ғылымды дамыту арқылы жаңа технологияларды іске асыру маңызды. Сонда ғана біз көшбасшы мемлекеттердің қатарына қосыламыз. Сондықтан, біз өзіміздің студенттер мен магистранттарға және докторанттарға осы құрылтайдың мәні мен маңыздылығын барынша кеңінен насихаттап, түсіндіруіміз керек, - деді Бауыржан Сатыбалдыұлы.
Дөңгелек үстелдің модераторы – тарих ғылымдарының кандидаты, тарих білім беру бағдарламасының доценті Қанат Қанафин. Жиын барысында филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлнәр Суюнова, тарих ғылымдарының кандидаты Болат Құдайбергенұлы, филология ғылымдарының кандидаты Әділбек Әміреновтер баяндама жасап, өзекті ойларын ортаға салды.