Перейти к содержимому страницы.

«ҰЛТТЫҚ ЦИФРЛЫҚ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫ» ПИЛОТТЫҚ ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

25.11.2022

Бүгін АХҚО алаңында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен жоғары оқу орындарының ректорлары арасында «Ұлттық цифрлық мансап орталығы» пилоттық жобасын іске қосу туралы меморандумға қол қойылды.

Пилоттық жобаға 6 жоғары оқу орны қатысады: Павлодар педагогикалық университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті.

Жобаның мақсаты – түлектерді жұмыспен қамту деңгейін арттыру және студенттерді одан әрі кәсіби мансапқа дайындауға жүйелі көзқарасты қамтамасыз ету үшін еліміздегі барлық жоғары оқу орындарын біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа құру.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, университеттердің барлық деректер базасын біріктіру түлектердің, білім беру бағдарламаларының және университеттердің жалпы көрсеткіштерінің нақты және серпінді көрінісін береді. Сондай-ақ, министрлік бұл жобаның іске қосылуының арқасында білім беру ұйымдарына жүйелік деңгейде қолдау көрсете алады.

Осылайша, «Ұлттық цифрлық мансап орталығын» құру Министрлік пен жоғары оқу орындарының «Жаңа мамандықтар атласы» жобасы бойынша бірлескен жұмысының қисынды жалғасы болмақ, бұл университеттерге еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне бейімделуге мүмкіндік береді.

«Бірыңғай цифрлық платформа жұмыс берушілерге дарынды студенттерді өздері таңдауға, ал түлектерге тез жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді», - деді Саясат Нұрбек.
Министр бұл жобаны linkedin аналогы деп атауға болатынын, бірақ ол қазақстандық еңбек нарығына бейімделгенін және университетті енді ғана аяқтаған жас мамандарға бағытталғанын атап өтті.

Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Жанбол Жилбаев әріптестерін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюымен және Ұлттық цифрлық мансап орталығын құру бойынша пилоттық жобаның іске қосылуымен құттықтады.

«Бірлескен нәтижелі жұмыс педагогтардың жоғары деңгейде жұмыспен қамтылуы мен кәсіби өсуіне ықпал ететін цифрлық платформа құру жөніндегі ірі республикалық жобаның бастамасы болатынына сенімдімін», - деді ректор Жанбол Жилбаев.

Кездесуге қатысушылар Ұлттық цифрлық мансап орталығын құру бойынша пилоттық жоба түлектерді жұмысқа орналастырудағы бірқатар мәселелерді шешуге көмектесетінін атап өтті. Жоба студенттердің бірыңғай деректер базасын құруға мүмкіндік береді Оған жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдар кедергісіз кіре алады.