Перейти к содержимому страницы.

ТҰҢҒЫШ РЕКТОР А.КАТЕРИНИННІҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ

22.09.2023

Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде көрнекті педагог, оқу орынның тұңғыш ректоры болған Анатолий Семенович Катерининнің 100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. «Педагогикалық білім берудегі көшбасшылық: теориялық және тәжірибелік аспектілер» тақырыбында өрбіген ауқымды шараға АҚШ, Пәкістан, Ресей және Қазақстанның жетекші ғалымдары, университет ректорлары, А.Катерининнің ұрпақтары қатысты.

Конференция Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаевтың алғы сөзімен ашылды.
- Сіздерді көрнекті ұстаз, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының бірінші ректоры Анатолий Семенович Катерининнің 100 жылдығына арналған «Педагогикалық білім беру жүйесіндегі көшбасшылық: теориялық және практикалық аспектілері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылуымен құттықтаймын. Ертіс-Баян өңірінің қара шаңырағы, ұлағатты ұстаздар ордасы болған Марғұлан университетіне қош келдіңіздер! Өткен жылы Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Біздің университеттің құрылу, қалыптасу және даму тарихы Анатолий Семенович Катерининнің есімімен тығыз байланысты. Себебі ол осы оқу орынның негізін қалаушылардың бірі болып саналады, - деді Жанбол Октябрьұлы.

Содан кейін Сібір федералды университетінің кадрларды даярлау және үздіксіз білім берудің ақпараттық технологиялары кафедрасының меңгерушісі О.Г.Смолянинова, Каид-и Азам университетінің (Пакистан) Өсімдік шаруашылығы кафедрасының профессоры Шуджаул Мульк Хан, ағылшын тілінің оқытушысы (АҚШ), English Language Fellow бағдарламасының қатысушысы Гада Рахман сынды шетелдік ғалымдар баяндама жасап, өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды және жинаған тәжірибелерімен бөлісті.

 

Сондай-ақ, педагогикалық білім беруді дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, Торайғыров университетінің басқарма төрағасы-ректор Еркін Садықов, Инновациялық Еуразия университетінің ректоры Гүлбира Мұсабекова, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық ұйымының төрайымы Гүлбарам Наурызбаева құттықтап, конференция тақырыбы бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі екенін атап өтті. Марғұлан университетінің профессорлары да сөз сөйлеп, А.Катерининнің жоғары оқу орынның дамуы мен қалыптасуына және ғылым саласына қосқан еңбегіне ерекше тоқталды. 

-Мен 1972 жылдан бері қызмет етіп келемін. Бірінші ректорды жақсы білемін. мен 1966 жылы оқуға түскен кезде ол кісі ректор болды. Екі емтихан тапсырып, оқуға қабылдандым. Бірде өзіне шақырып, қайдан келгенімді сұрап, біраз әңгімелестік. Менің болашағыма, оқып білім алуыма сәттілік тіледі. Ал 1970 жылдары оқу бітіргенде институтқа ұстаздыққа қалдырған осы кісі еді. Содан кейін мен А.Катерининнің ректорлық кезеңінде мұғалім болып бес жылдай жұмыс істедім. Анатолий Семенович ректор болып тұрып көп жұмыс атқарды. Мысалы оқу орынның бесінші ғимаратын, ескі жатақхананы, бассейн және спорт кешені ғимараттарын институтқа алып берді және материалдық-техникалық базасын қалыптастырды, - дейді ақылдастар алқасының төрағасы Бақтияр Найманов.

Конференция барысында университет ғалымдарының ғылыми-зерттеу жұмыстарының және кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. Онда Марғұлан университетінің тұңғыш ректоры болған А.Катеринин жайлы мақалалар жарық көрген газеттер мен журналдар да қойылған. Сонымен қатар, тұңғыш ректор жайлы жасалған шағын бейне фильм көрсетілді.