Перейти к содержимому страницы.

ТРАНСҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

03.11.2023

Алматыда, Қазақстандағы ДеМонфорт Университетінде «TNE – трансұлттық білім беру - оқу үдерісінің сапасы мен университеттердің тартымдылығын арттыру құралы» тақырыбында семинарлар өтті. Тренинг ұйымдастырушылары – Ұлыбритания елшілігі мен Қазақстандағы Британ кеңесі.

Семинар барысында Ұлыбритания мен Қазақстан университеттерінің спикерлері трансұлттық білім беру құралдары, сапаны қамтамасыз ету, серіктестікті дамыту және табысты трансұлттық білім беру бағдарламаларын құру жолдары туралы білімдерін ортаға салды.

Іс-шараның модераторы – жоғары білім жөніндегі маман, др. Сюзана Томасси (DBT, Лондон). Ол өз сөзінде семинарға қатысушыларды трансұлттық білім беру, атап айтқанда қос диплом және бірлескен бағдарламалар бойынша жұмыс істеу үшін университеттердің ынтымақтастық мәселелерімен таныстырды.
Семинарға Марғұлан Университетінің «Шетел тілі: екі шет тілі» ББ жетекшісі Әлия Жолдабаева қатысты. Қазақстанның басқа университеттеріндегі әріптестерімен бірге ол британдық университеттермен ынтымақтастық перспективаларын талқылай отырып, барлық шеберлік сыныптары мен воркшоптарға белсене қатысты.

Жоғары оқу орындарының өкілдері әріптестерімен халықаралық ынтымақтастықтағы тәжірибелерімен бөлісті. Осылайша, Қазақстан-Британ техникалық университеті (Алматы) бірнеше жылдан бері қос дипломдық бағдарламалар бойынша Лондон Университетімен, ал Жұбанов университеті (Ақтөбе) өткен жылы Хэриот-Ватт Университетімен (Ұлыбритания) магистратура деңгейіндегі бағдарлама бойынша қос дипломдық білім беру туралы келісімге қол қойды.

Қазақстандық және британдық жоғары оқу орындарының өкілдері табысты ынтымақтастық үшін жағдай жасау бойынша жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, ғылым мен білімді дамытуда бірлесіп жұмыс істеуге үлкен қызығушылық танытты.