ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ АЛТЫН МЕДАЛІНЕ ИЕ БОЛДЫ
29.11.2022
Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенті Байлдяшева Жәмиля тоғызқұмалақтан VI әлем чемпионатында бақ сынап, алтыннан алқа тақты. «Дала шахматы» деп аталатын сайыс түрі бойынша чемпиондыққа 20 елдің спортшылары таласты. Олар Үндістан, Түркия, АҚШ, Чехия, Латвия, Бангладеш, Румыния, Германия, Ұлыбритания, Колумбия, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, т.б. Қазақстан атынан 12 спортшы қатысты.
Тоғызқұмалақтан жігіттер мен қыздар арасындағы жарыс үш классификация бойынша өтті: блиц (әрқайсысы үшін 7 минут), рапид (әрқайсысы үшін 25 минут), классикалық (әрқайсысы үшін 90 минут).
Байқау қорытындысы бойынша Жәмиля «рапид» стилінде 1-орынға ие болып, байқаудың жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, спорт шебері нормативін орындады.
Айта кету керек, тоғызқұмалақ – 4 мың жылдық тарихы бар қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Қазіргі таңда тоғызқұмалақ бүкіл әлемде танымал спорт түріне айналып, 2019 жылы ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енді.