Түлектердің қорытынды аттестаттауы
04.05.2021
4 мамырдан бастап Павлодар педагогикалық университетінде әрбір студент үшін маңызды кезең – қорытынды аттестаттау басталады, оның барысында түлектер жыл бойы алған білімдерін көрсетіп, сыннан сүрінбей өтуі тиіс.
2020 жылдың 15 наурызынан бастап студенттер мен магистранттар коронавирустық пандемия кезіндегі шектеу шараларына байланысты қашықтықтан теориялық және практикалық курстарды игерді.
Болашақ педагогтердің академиялық дәрежесі мен біліктілігін тексеру Аттестаттау комиссиясының алдында да тұрған күрделі сынақ. Өткен жылдағыдай бітіру жұмыстарын қорғау және кешенді емтихан тапсыру онлайн форматта өтеді. Университет аттестаттау процесін техникалық қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс атқаруда. Аттестаттау кезеңіне дайындық барысында ППУ цифрландыру орталығы академиялық мәселелер жөніндегі департаментімен бірлесіп техникалық хатшыларға және аттестаттау комиссиясының мүшелеріне, қорытынды аттестаттауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі басшыларға арналған вебинарлар ұйымдастырды. Барлық дипломдық жұмыстар мен магистрлік диссертациялар, сондай-ақ ғылыми жетекшілердің пікірлері мен шолулары электронды форматта ұсынылатынын атап өткен жөн.