ТІЛДЕРДІ БІЛУ – ДАНАЛЫҚТЫҢ КІЛТІ!
24.10.2023
Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің «Шетел тілі: екі шет тілі» ББ ұйымдастырған Марғұлан университетінде Шетел тілдері апталығы көңілді де қызықты өтті.
Апталықтың жабылу салтанатында білім беру бағдарламасының жетекшісі Әлия Жолдабаева іс-шараларға белсенді қатысқандарға алғысын білдіріп, апталықты қорытындылады. «Біздің шет тілдерін оқып жатқан студенттеріміз үшін барлық есіктер ашық, олар саяхаттап, түрлі елдердің адамдарымен тіл табысып, кез келген мамандықты игере алады. Ешбір қиындықтан қорықпай, әрқашан заман көшінен қалмауларыңызға тілектеспін!», – деді Әлия Сәдуқызы.
Әлия Жолдабаева мен АҚШ оқытушысы Гада Рахман (ELF) студенттерге Шетел тілдері апталығына арналған іс-шараларға белсенді қатысқаны үшін сертификаттар табыс етті. Естеріңізге сала кетейік, америкалық маман Гада Рахман ELF Program US Department халықаралық бағдарламасы арқылы жыл сайынғы келісім бойынша келген.
Дәстүр бойынша жыл сайын «Шетел тілі: екі шет тілі» ББ-ға өз ана тілінде сөйлейтін мұғалімдер шетелден келеді. Олар пәндерді оқытады және студенттерге сөйлеу әрекетінің барлық түрлерінде тілдік дағдыларын жетілдіруге көмектеседі.
Апталық барысында USG program opportunities мүмкіндіктерінің тұсаукесері, «Sprachenmarkt an der MU» тіл жәрмеңкесі, «Дыбыспен жұмыс істеу қарым-қатынастағы сенімділікке қалай әсер етеді», «Қытай каллиграфиясы бойынша шеберлік сабағы» тақырыптарында шеберлік сыныбы және «Brain Teaser» интеллектуалды ойыны тағы да басқа танымдық іс-шаралар ешкімді бей-жай қалдырмады.