ТІЛ АПТАЛЫҒЫ «ҰЛЫЛАРҒА ТАҒЗЫМ» ӘДЕБИ КЕШІМЕН ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
07.10.2022
Осы апта Павлодар педагогикалық университеті үшін тіл апталығы болып жарияланған болатын. Апталық аясында әртүрлі іс-шаралар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Бүгін тіл апталығының жабылуына орай «Ұлыларға тағзым» атты әдеби-сазды кеші өтті. Әдеби шара мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының тұңғыш докторы, профессор, қазақты әлемге танытқан әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойларына арналды. Шараға гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің "Қазақ тілі мен әдебиеті" білім беру бағдарламасының ұстаздары мен студенттері қатысты. Университеттің белсенді жастары әртүрлі жанрда өнер көрсетіп, халқымыздың ұлттық өнері мен әдебиетін және салт-дәстүрін насихаттады.
Алдымен халқымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметіне қатысты бейнетаспа көрсетілді. Салтанаттың шымылдығы республикалық, облыстық ақындар айтысының жүлдегерлері, «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының студенттері Бексұлтан Қайдаров пен Аманбек Мағзұмның арнау өлеңімен басталды. Ал «Ғибрат» шығармашылық театрының жас актеры Шерхан Шырынбеков Мұхтар Әуезовтің «Жетім» шығармасынан монолог оқыды. Сонымен қатар, этно-fashin жобасы аясында өткен қазақтың ұлттық киімдер шеруі де қызықты болды.
- Оқу жылы басынан бері Ахмет Байтұрсынұлы мен Мұхтар Әуезовке арналған әртүрлі шара өтіп жатыр. Осы аптада университтет қазақ тілі апталығын жариялады. Бүгін сол апталықтың қорытындысы өтуде. Студенттер сабақпен ғана шектелмей, осындай шараларға қатысып, өздерін сахнада да көрсете білуі керек, - деді «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының жетекшісі Майгүл Иранғайыпқызы.
Шара соңында университеттің 60 жылдығына орай өткен жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды. Жүлделі ІІІ орынды Мейіржан Маратов, ІІ орынды Сымбат Құрманбай, І орынды Қали Бекзат еншіледі. Ал бас жүлдені Сұлтан Аманбек жеңіп алды.