Перейти к содержимому страницы.

TIKTOK ПЛАТФОРМАСЫ ӨТКІЗГЕН «ҚАЗАҚСТАН МҰҒАЛІМІ» КОНКУРСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ ИГОРЬ ГНОЕВОЙМЕН КЕЗДЕСУ

08.02.2024

Марғұлан университетіне TikTok платформасында өткен «Қазақстан мұғалімі» республикалық конкурсының жеңімпазы, осы университеттің түлегі, бүгінгі күні Павлодар қаласындағы №40 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Игорь Гноевой келіп, студенттермен кездесті. Ол жақында TikTok компаниясы мен ҚР оқу ағарту министрлігі бірлесіп өткізген конкурста үздік шыққан үш жеңімпаздың бірі болған еді. Игорьдің жолдаған видеоматериалы TikToк әлеуметтік желісінде 5 млн. қаралым жинап, «Үздік видеоролик» номинациясы бойынша топ жарды. Ерекше кретивті мұғалімді университеттің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев қарсы алып, студенттермен таныстырды. Кездесуге "Өрлеу" АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Роза Әшімбетова қатысты.
- Игорь орта мектепті бітіріп, колледжге түскен. Колледжде бастауыш сынып мұғалімі мамандығын бітірген соң Марғұлан университетіне оқуға түсіп, жоғары білім алды, біздің 2023 жылғы түлегіміз. Қазір екінші жоғарі мамандық бойынша оқып жатыр. Түлегіміз өте еңбекқор және креативті мұғалім болып қалыптасты, сондықтан, көптеген жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Жақында TikTok платформасы мен ҚР Оқу ағарту министрлігі бірлесіп өткізген конкурста жеңіске жеткен еді. Жеңімпаздарды министр Ғани Бейсембаевтың өзі құттықтады. Міне, осындай түлектерімізбен әрдайым мақтанамыз, - деді Жанбол Октябрьұлы. Кездесу барысында ректор университет ұжымы атынан шағын сыйлық ұсынып, құрмет көрсетті.
Игорь Гноевой Марғұлан университетінің студенттеріне өзінің ұстаздық қызметінде орын алған қиындықтар мен қызықтары туралы әңгімеледі. Себебі, кейбір ата-аналар ер азаматтың бастауыш сыныпқа жетекшілік етуін дұрыс қабылдай алмаған.
- Мен сегіз жылдан бері бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеп келемін. Әрине, ер адамдардың бастауыш сыныпқа сабақ беруі өте сирек кездесетін жағдай. Әсіресе, бұдан сегіз жыл бұрын мүлдем оғаш көрінетін еді. Мектепке алғаш барған кезде өте қиын болды. Алғаш бірінші сыныпты қабылдап алғанда ата-аналар сенімсіздік танытты. Бірақ, мен өзімді дәлелдеуім керек болды. Кейбір ата-аналар балаларын басқа сыныпқа ауыстырып кетті. Бірақ, мен ер адамдар да бастауыш сыныпты оқыта алатынын дәлелдедім, кейін сол ата-аналар балаларын қайта алып келді, - деді Игорь Гноевой.
Сонымен қатар, TikTok платформасы мен ҚР Оқу ағарту министрлігі бірлесіп өткізген ауқымды конкурсқа қатысып, жеңімпаз болғандағы әсерімен де бөлісті. Бүгінде ол ұстаздықпен қатар, Instagram және TikTok әлеуметтік желілерін жүргізумен айналысып, облыс жұртшылығына блогер ретінде танылған. Кездесу барысында студенттердің сұрақтарына жауап бере отырып, ұстаздық жолдағы жетістікке жетудің қыр-сырымен, әлеуметтік желілерде блог жүргізудің лайфхактарымен бөлісті.