ТҮРКИЯ ҒАЛЫМЫ ТАРИХИ ЗЕРТТЕУ ӘДІСТЕРІМЕН БӨЛІСТІ
19.12.2023
Тарих ғылымдарының докторы, Токат қаласындағы Газиосманпаша университетінің (Түркия) әдебиет және жаратылыстану факультетінің деканы, профессор Алпаслан Демир Әлкей Марғұлан атындағы университетіне іссапармен келген болатын. Бүгін Павлодар педагогикалық университеті гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің «Тарих» білім беру бағдарламасының студенттері мен магистранттарына семинар өткізді.
Семинар барысында шетелдік ғалым студенттермен ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастырудың заманауи әдістерімен бөлісті. Студенттер өздерінің кәсіби және ғылыми қызметінде қолдануға болатын құнды білім алды. Профессор студенттерге Осман империясының тарихы мен бауырлас түркі халықтарының тарихын зерттеу бойынша құнды ақпараттармен бөлісті.
Профессор Алпаслан Демирдің айтуынша, зерттелетін материалды терең талдау өте маңызды. «Дереккөздерді мұқият және мазмұнды зерттеу ғана ғылыми салада жаңа перспективалар мен мүмкіндіктерді ашуға болады», - деді ол.
Сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмысының әдістемесі, зерттеудегі өзіндік ерекшелігі мен ғылыми жаңалығы, этикалық нормалар мен стандарттар және т.б мәселелер талқыланды. Семинар белсенді пікірталаспен жалғасын тапты, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өз пікірлерін білдірді.
Семинар соңында профессор Алпаслан Демир барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, алған білімдері жас ғалымдарға пайдалы болатынына сенім білдірді.