Перейти к содержимому страницы.

ТҮЛЕКТЕРГЕ АРНАЛҒАН ДӘСТҮРЛІ БОС ОРЫНДАР ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

15.05.2024

Марғұлан университетінің бас ғимаратында биылғы түлектерге арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті. Оған Павлодар облысының 70-ке жуық білім беру ұйымы қатысты. Атап айтсақ,Ақтоғай, Железин, Успен, Павлодар, Аққулы, Тереңкөл және басқа да бірқатар аудандардың мектептері мен балабақша өкілдері келді. Сонымен қатар, Ақсу және Павлодар қалалық мансап орталықтары, М.Қанапиянов атындағы жоғары колледж мамандары келіп, түлектерге өздеріндегі бос орындар туралы ақпарат берді. Іс-шараны Марғұлан университетінің мансап орталығы ұйымдастырды. Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев жұмыс берушілермен әңгімелесіп, жәрмеңке жұмысына сәттілік тіледі.
Шара барысында белгілі болғандай, қазіргі күні білім саласындағы ең көп сұраныста орыс тілі мен әдебиеті, математика, физика, биология және музыка пән мұғалімдері мен дефектологтар.
- Жыл сайын өтетін дәстүрлі бос орындар жәрмеңкесіне 500-ден астам түлектер мен магистранттар қатысады. Түлектер арасында өздері оқыған жоғары оқу орнында жұмыс істеуге қалғысы келетіндер де бар. Біз олардың өтініштерін міндетті түрде қарастырамыз. Олар маман, зертханашы, әдіскер болып жұмыс істей алады, - деді Марғұлан университеті мансап орталығының жетекшісі Майра Байтанаева.
Ақтоғай ауданы Қараоба орта мектебінің директоры Назгүл Ысқақованың сөзінше, қазіргі күні мектепке орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, география пәнінің мұғалімі және дене шынықтыру пәні бойынша нұсқаушы маманы керек.
- Егер ауылдық жерде жұмыс істеуге ниетті жас мамандар болса жұмысқа қабылдауға дайынбыз. Ауылдық жерде жастарға мүмкіндік көп. Ең алдымен «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша бір реттік көтерме ақы және үй алуға пайызсыз несие беріледі. Бүгінгі шара барысында ауыл мектептеріндегі бос орындар бойынша толық ақпарат берілді, - деді Назгүл Ысқақова.
Ал Назарбаев зияткерлік мектебі информатика, орыс тілі мен әдебиеті, математика пәндерінің мұғалімдерін жұмысқа шақырады. Аталған білім мекемесіне қабылдау бойынша конкурс 12- маусымда өтеді.