ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВКЕ АРНАЛҒАН ӘДЕБИ КЕШ
09.11.2022
Павлодар педагогикалық университетінің кітапханасында қазақтың көрнекті ақыны Төлеген Айбергеновтің 85 жылдығына орай «Дала әуені» атты әдеби кеш өтті. Әдеби кеш Е.Бекмаханов атындағы ғылыми кітапхана мен гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің ұйымдастыруымен өтті. Шараға ақындық өнерге, поэзияға жаны жақын студенттер қатысып, ақынның шығармашылығынан өлеңдер оқыды. Сонымен қатар, филология ғылымдарының кандидаты, «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының жетекшісі Майгүл Оразханова қатысып, Төлеген Айбергеновтің басқа ақындардан ерекшелігі жөнінде айтты.
- Төлеген Айбергенов қазақ поэзиясына 1960-80 жылдары Жұмекен Нәжмиденов, Қадыр-Мырза Әлі сынды ақындармен қатар ерекше леппен, ерекше бояумен келген ақын. Ол өлеңдерінің құрылысы жағынан, көркемдігі тұрғысынан қазақ поэзиясына тың жаңалықпен келді. Әсіресе, оның туындыларында табиғат лирикасы, махаббат лирикасы ерекше көрініс береді. Сонымен қатар, сағыныш туралы өте көп жазған. Ақынның қызы Салтанат Айбергенованың естелігіне сүйенсек, анасы ерекше қиын күндерді бастан өткізген. Төлегеннің ақын болуына осы жағдайлар да әскер еткен болуы мүмкін. Жалпы, Төлеген Айбергенов қазақтың дәстүрлі поэзиясын өзінше түрленткен ақын. Атап айтқанда қазақ әдебиетіне бір тармақтың бойында 18 буын болатын және төрт бунақты өлеңдерді енгізген. Павлодар педагогикалық университетінде ақын шығармашылығы 4-курс студенттеріне оқытылады, - дейді Майгүл Еренғайыпқызы.
Әдеби кеш барысында гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің студенті Асқар Жібек, Шәкен Айсәуле, Маратқызы Нұрай, Боранбаева Сабира, Қуан Ақбота сынды студенттер ақынның өлеңдерін оқыса, жас күйші Шыныбек Ақжан «Кероғлы» және «Көңіл толқыны» сынды күйлерді орындап берді. Сонымен қатар, ақынның өмірбаяны туралы бейне ролик көрсетіп, шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кеш соңында шараға белсенді атсалысқан студенттер марапатталды.