Перейти к содержимому страницы.

ТАСБОЛАТ ШАЯХМЕТОВТЫҢ 85 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ

04.11.2022

Павлодар педагогикалық университетінде білім ордасын 20 жылға жуық басқарған алғашқы ректорлардың бірі, профессор Тасболат Хасенұлы Шаяхметовтың 85 жылдық мерейтойына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Университеттің 60 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырған айтулы шараға облыс әкімінің орынбасары, Павлодар педагогикалық институтының түлегі Айзада Құрманова, сонымен қатар, еліміздің алпауыт ЖОО басшылары мен профессорлары арнайы келіп қатысты.

Шара басы күмбірлеген қоңыр үнді домбыраның үнімен үйлескен көрмені тамашалаудан басталды. Бұл жерге білікті басшының қолданған заттары мен жазған еңбектері қойылған.

Ресми жиын барысында сөз алған Басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев 2022 жыл біздің университет үшін ерекше жыл екендігін атап өтті. Әсіресе, Тасболат Қасенұлының өнегелі өмір жолын, ғылымдағы шығармашылық жетістіктерін және оқу орнының білім сапасын көтеру бағытындағы айрықша істерін айқындап айтты. Тасболат Шаяхметов ректор болып тұрған тұста Павлодар педагогикалық институты 1981 жылы Республикалық социалистік жарыстың үздігі, 1982 жылы бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. Кеңес Одағы халық ағарту министрлігінің, Кәсіподақ Орталық комитетінің ауыспалы Қызыл туымен марапатталды,-деді Жанбол Октябрұлы.

Ал, облыс әкімінің орынбасары Айзада Амангелдіқызы Павлодар педагогикалық университетінің түлегі болғандығын мақтан тұтатындығын жеткізіп, Павлодар педагогикалық университетінің елдегі үздіктер қатарында екендігін тілге тиек етті. Тасболат Хасенұлының 85 жылдығына арналған конференцияның республикалық деңгейде өтуінің бірнеше ерекше себебі бар. Ең бастысы Ол аталмыш білім ордасын 20 жылдан астам уақыт басқарды. Өзінің саналы ғұмырын педагогтарды даярлауға арнаған азамат. Кеңес үкіметінің тұсында білдей бір мекеменің тізгінін ұстау оңай шаруа емес, көптеген қиыншылықтарға төтеп беруге тура келді. Осыған қарамастан Тасболат Шаяхметов ұстаздар ордасын жоғары жетістіктерге жетеледі. Сол үшін де «ұстаздардың ұстазының» еңбегі республикалық деңгейде еленуі заңдылық болмақ,- дейді Айзада Құрманова.

Бұдан бөлек, алыс-жақыннан келген мәртебелі меймандар сөз сөйлеп, естен кетпес естеліктерімен бөлісті. Өз заманының білікті басшысының адами қасиеттерін айтып, ұлағатты ұстаздың ұлы есімін өскелең ұрпақ арасында кеңінен дәріптеу керектігін алға тартты.

Екі сағатқа сөзылған ғылыми-тәжірибелік конференцияда шара қонақтары мен университет профессорлары баяндама жасады. Баяндамалардың басым бөлігі математикалық бағытта. Елордалық мейман Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы президентінің кеңесшісі, т.ғ.к., доцент Алмагүл Кенесханқызы Мұхамедханова «Орта білім беруді жаңғырту және педагог кадрларды даярлау міндеттері» атты баяндамасын көпшілік назарына ұсынды.

Ал, жиын соңында шараға қатысушылар қала көшелерінің біріне Тасболат Хасенұлы Шаяхметовтың есімін беру туралы ұсыныстарын айтты.