Перейти к содержимому страницы.

ТӘЖІКСТАН СТУДЕНТТЕРІ МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ БІЛІМ АЛУДА

02.12.2025

 Марғұлан университетіне сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Садриддин Айни атындағы Тәжік мемлекеттік университетінің студенттері келді. Шетелдік студенттер Чахонгир Эшонбобоев, Сабзпари Насридинова және Аличон Бахабов «Тарих» және «Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатыр.

Тәжікстаннан келген студенттер осы семестрдің соңына дейін Марғұлан университетінде оқуын жалғастырады. Олар жайлы жатақханаға орналасып, оқу процесіне тез бейімделіп, дәрістер мен практикалық сабақтарға тұрақты қатысуда. Сондай-ақ, университеттің мәдени және тәрбиелік іс-шараларына белсенді атсалысып жүр.

«Марғұлан университеті шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты жүйелі түрде кеңейтіп келеді. Шетелдік студенттердің келуінің негізгі мақсаты – тәжірибе алмасу және кәсіби дайындық деңгейін арттыру. Оқытушыларымыз оларды жаңартылған әдістемелер бойынша оқытады, ал „Тарих“ және „Шетел тілі: екі шетел тілі“ бағдарламаларының мамандары көпмәдениетті ортада өз кәсібилігін шыңдауға мүмкіндік алады», – деп атап өтті Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Анар Каримова.

Айта кетейік, 2023 жылдың қазан айында екі университет арасында әріптестік туралы келісім жасалған болатын. Оның жүзеге асырылуы халықаралық білім беру байланыстарын нығайтып, жоғары білікті педагог кадрлар даярлау ісіне елеулі үлес қосып келеді.