Перейти к содержимому страницы.

СТУДЕНТТІК КОНФЕРЕНЦИЯ: ЖАҢА ИДЕЯЛАР АЛАҢЫ

09.04.2026

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде  «Жаңа қоғамдағы жастардың әлеуеті: білім мен ғылымның сапасы» атты XXI халықаралық студенттік ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын жалғастыруда. Конференция аясында секциялық отырыстар белсенді түрде өтіп, қатысушылар өздерінің ғылыми зерттеулерін ұсынып, қызу пікірталастарға қатысты.

«Гуманитарлық ғылымдарды оқытудың өзекті мәселелері» секциясында «Тарих», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Орыс тілі мен әдебиеті», «Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламалары бойынша барлығы 130 ғылыми мақала қаралды. Оның ішінде 30 жұмысты магистранттар, 100 жұмысты студенттер дайындады.

Секция жұмысына Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің, сондай-ақ Ресей Федерациясының М. Амосов атындағы Солтүстік-Шығыс федералдық университетінің студенттері қатысты.

Жұмыстың басым бөлігі Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне, тіл мен әдебиет теориясына және оқыту әдістемесіне арналды.

Секция қорытындысы бойынша қатысушыларға І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар табысталып, сонымен қатар «Марғұлан мұрагері», «Креативті ғылыми көзқарас», «Өлкетану білгірі», «Бекмаханов ізбасары», «Тарихи пайым мен сыни талдау білгірі», «Үздік storytelling шебері», «Мәдениетаралық коммуникация шебері», «Global mindset иесі», «Ғылыми дебют», «Жасанды интеллект арқылы тіл үйретудің үздік әдісі» және басқа да арнайы номинациялар берілді.

Конференция студенттер үшін ғылыми тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды. Пікірталастар мен жаңа идеялар олардың зерттеушілік қызығушылығын арттырып, ғылымға деген ынтасын күшейтті.