СТУДЕНТТЕРГЕ МІНДЕТТІ ГРАНТ ӨТЕМІ МӘСЕЛЕСІ ТҮСІНДІРІЛДІ
20.02.2025
Бүгін Марғұлан университетіне «Қаржы Орталығы»АҚ Мониторинг департаментінің бас маманы Ақзира Серікқали келіп, биыл оқу бітіретін студенттермен кездесу өткізді. Іс-шара Мансап орталығының ұйымдастыруымен өтті. Жиынға бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша соңғы курс студенттері қатысты.
«Қаржы орталығының» өкілі оқу бітіргеннен кейінгі міндетті грант өтемі мәселесін екжей-текжейлі түсіндірді. Сонымен қатар, жас мамандарға арналған ауылдық квоталар, мансаптық өсудің мүмкіндіктері туралы өзекті ақпаратпен бөлісіп, қатысушылардың барлық сұрақтарына жауап берді.
Оның айтуынша, түлектер грант міндетін өтеу үшін білім беру ұйымдарында кемінде үш жыл жұмыс істеуі керек. Ал «Серпін» бағдарламасы бойынша оқығандар екі жыл жұмыс істеуі тиіс.
Мансап орталығының басшысы Майра Аманғазиеваның айтуынша, мұндай кездесулер түлектерге жұмысқа орналасуға және мансаптық жоспарлау үдерістеріне дұрыс бағыт-бағдар береді.