Перейти к содержимому страницы.

СТУДЕНТТЕРГЕ «ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» МАМАНДАРЫ КЕҢЕС БЕРДІ

27.03.2023

Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетіне «Жұмыспен қамту орталығының» мамандары келіп, биыл диплом алатын студенттерге жұмысқа орналасу туралы кеңес берді. Мамандардың сөзінше, «Жұмыспен қамту орталығында» жұмыссыз жүрген жас мамандарға қатысты үш жоба бар. Олар – «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты».

- Жастар практикасы 29 жастан аспаған және оқу бітінгеніне 3 жыл толмаған жастарға арналған. Аталған бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқан жастардың жалақысы 30 АЕК болады. Жұмыс істеу ұзақтығы 18 айдан аспайды. Ал одан кейін тұрақты жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылады. Екінші жоба «Алғашқы жұмыс орны» деп аталады. 29 жастан аспаған жас мамандар қатысады. Соның ішінде еңбек өтілі жоқ NEET санатындағы жастарға арналған. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша жас мамандарды зейнеткерлікке кеткен қызметкерлердің бос орындарына орналастыру қызметі көрсетіледі, - дейді орталық маманы Дария Бұлтықова.

Түлектердің жұмысқа орналасу мәселесіне қатысты сұрақтары болса Павлодар қаласы, Бектұров көшесі, 115Б мекен-жайы бойынша орналасқан қалалық «Жұмыспен қамту орталығына» хабарласуға болады. Байланыс нөмірі: 21-54-81; 21-54-82; 21-54-83
Шараға Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде «Серпін» бағдарламасы бойынша оқып, бүгінгі күні Баянауыл ауданы Майқайың орта мектебінде жұмыс істейтін түлектеріміз де қатысты. Олар өздерінің замандастарын, соның ішінде серпіндіктерді ауылдық жерде жұмыс істеуге шақырды. Сонымен қатар, ауыл мектептерінде жас ұстаздар үшін барлық мүмкіндіктер жасалғанын атап өтті.

Марғұлан университетінің мансап орталығының басшысы Майра Байтанаеваның сөзінше, түлектер сәуір айынан бастап мұғалімнің білімін бағалау сынағынан өте бастайды. Ол үшін app.testcenter.kz сайтында тіркелуге міндетті. Сайтқа тіркелу бүгін басталды.