СТУДЕНТТЕРДІҢ “SNOW БӘЙГЕ-2025” ҚЫСҚЫ СПОРТТЫҚ ЖАРЫСЫ ӨТТІ
14.02.2025
Бүгін “Зеленая роща” шаңғы базасында студенттердің “Snow бәйге-2025” атты дәстүрлі қысқы спорт ойындары өтті. Жарыс шаңғымен сырғанау, қызықты эстафета, арқын тарту түрлері бойынша ұйымдастырылып, қысқы спорт ойындарының ең үздіктері анықталды. Қызықғы көп қысқы бәйгеге Өнер және спорт жоғары мектебі, Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі, Жаратылыстану жоғары мектебі, Педагогика жоғары мектебі, Foundation тобы және М.Қанапиянов атындағы жоғары колледж студенттерінің командалары қатысты. Шаңғымен сырғанау бойынша ерлер командасы 1 шақырым болса, қыздар командасы 500 метр қашықтықта жарысты.
Жарыстың жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне университеттің басқарма төрағасы-ректор Ержан Әмірбекұлы қатысып, барша үздіктерді марапаттап, алғысын білдірді.
-Бүгін бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі жарыс өз жалғасын тауып жатыр. Жарыс өте қызықты әрі тартысты өтті, мұнда жастарға керегінің бәрі бар екен. Осы кездесу барлықтарыңызға жақсы энергия сыйлап, көңілдеріңізден шықты деп ойлаймын. Мұндай шаралар студенттердің бір-бірін тануына, дос болуға, университетке деген корпоративті рухты қалыптастыруға ықпал етеді деп санаймын. Жалпы, алдағы уақытта да мұндай шаралар жалғаса береді. Біз студенттерге керегінің бәрін жасайтын боламыз, - деді Ержан Әмірбекұлы.
Арқан тарту спорты бойынша үшінші орынды Foundation тобы иеленді. Екінші орынды гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі еншіледі. Ал бірінші орынды Қанапиянов атындағы жоғары колледж жеңіп алды. Көңілді эстафета бойынша гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі үшінші орынды, жаратылыстану жоғары мектебі екінші орынды иеленді. Сондай-ақ, педагогика жоғары мектебі мен Foundation командалары жеңімпаз атанды. Шаңғымен сырғанауда үшінші орынды гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі, екінші орынды М.Қанапиянов атындағы жоғары колледжі еншілесе, бірінші орынды өнер және спорт жоғары мектебі жеңіп алды. Барлық жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлақпен марапатталды.
- Бүгінгі жарыс барлығымыз үшін көңілді әрі қызықты болды. Біздің команда эстафета сайыстары бойынша бірінші орын алды. Қардың үстіне мұндай күрделі тапсырмаларды орындау оңай болған жоқ. Дегенмен командамыздың бірлігінің арқасында жеңіске жетті.Сайыс өте жоғары деңгейде өтті, ұйымдастыруға жауапты азаматтарға алғысымызды білдіреміз, -
деді педагогика жоғары мектебінің студенті Аида Етенбаева.