Перейти к содержимому страницы.

СТУДЕНТТЕРДІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКАСЫ АЯҚТАЛДЫ

09.10.2023

Биыл Марғұлан университетінің педагогикалық тәжірибеден өтетін студенттерінің саны көп болуына байланысты Павлодар қаласының білім беру ұйымдарында практикадан өту мерзімдері өзгертілді. Сондықтан 3 курс студенттері педагогикалық практикаға 1 қыркүйектен бастап жіберілген болатын. Студенттер оқу жылы басталған алғашқы күндерден бастап өздерінің болашақ мамандықтары бойынша жұмыс істеп, мұғалімнің күнделікті жұмысымен танысты. Практиканттар осы кезде мектеп ұжымымен таныса отырып, алғашқы қоңыраулар қалай ұйымдастырылады, алдағы оқу жылында сабақтарды жоспарлау қалай жүзеге асырылады деген сұрақтарға жауап тапты.

Педагогикалық тәжірибе 6 аптаға жоспарланған, қазір соңғы аптасын өткізуде. Суденттер ЖОО-да 3 жыл оқығанда алған білімдерін іс жүзінде қолдана алды, бұл жолы олар өз пәндері бойынша сабақтар өткізіп, сынып жетекшісіне сыныптан тыс іс-шаралар өткізуге көмектесті. Сондай-ақ, олар мұғалімдер күні кәсіби мерекесінің қалай тойланатынын көрді. Өз кезегінде олар болашақ әріптестерін мерекемен құттықтап, сынып сағаттарын, бейне-құттықтаулар, концерттер ұйымдастырып, оқушыларына дайындыққа көмек көрсетті.

- Практикадан өту кезінде студенттер педагогикалық қызметпен етене танысып, өз пәні бойынша оқу-әдістемелік құжаттаманы жобалауға дайын болды. Оқу пәндерімен бірге студенттердің практикалық қызметі болашақта кәсіби өсудің бағыттары мен перспективаларын анықтауға, болашақ педагогтың жеке басын, мамандығын қалыптастыруға ықпал етеді, - дейді Margulan University мансап орталығының басшысы Майра Байтанаева.