СТУДЕНТТЕР «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ИДЕОЛОГИЯСЫ АЯСЫНДАҒЫ ФИЛЬМДЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ
11.03.2026
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде студент жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында қысқаметражды фильмдерді талқылау форматындағы арнайы кездесу өтті.
Шара барысында университет студенттеріне «Не книжные закладки» және «Хулиганка» атты әлеуметтік мазмұндағы қысқаметражды фильмдер көрсетілді. Аталған фильмдер жастар арасында жиі кездесетін өзекті мәселелерді – заңсыз әрекеттерге тартылу қаупі, «жеңіл табыс» ұсыныстары, сондай-ақ буллинг пен агрессивті мінез-құлықтың салдарын ашып көрсетеді.
Фильмдерді көрумен қатар, студенттер арасында ашық пікірталас ұйымдастырылып, кейіпкерлердің әрекеттері, олардың қабылдаған шешімдері және мұндай жағдайлардың алдын алу жолдары талқыланды. Пікірталас барысында жастар құқықбұзушылықтың салдары, жеке жауапкершілік, сондай-ақ қауіпсіз әрі заңға сай мінез-құлық мәдениеті туралы өз ойларымен бөлісті.
Кездесудің басты мақсаты – студент жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сыни ойлау қабілетін дамыту және заң талаптарын құрметтеу мәдениетін қалыптастыру. Сонымен қатар жастарға әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын күмәнді ұсыныстарға сын көзбен қарап, өз қауіпсіздігін сақтаудың маңыздылығы түсіндірілді.
Шара соңында студенттер мұндай профилактикалық форматтағы кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, көтерілген тақырыптардың жастар үшін аса өзекті екенін жеткізді.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде студент жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ағартушылық және профилактикалық шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.




