Перейти к содержимому страницы.

СТУДЕНТТЕР ҚАНЫШ СӘТПАЕВ ЖИНАҒАН ЕРЕКШЕ ӘНДЕРДІ ОРЫНДАДЫ

13.04.2023

Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күні қарсаңында Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің ұйымдастыруымен Баянауыл ауданында «Қаныштың салған әндері-ай» атты музыкалық байқау өтті.

Байқау шарты бойынша қатысушылар Қаныш Сәтбаевтың орындауында Затаевичтің «Қазақтың 500 әні мен күйі» кітабына енген 25 әннің 1-еуін орындауы тиіс еді.

Көрнекті ғалым-геолог, ғылымды ұйымдастырушы Қаныш Сәтбаевтың қызығушылық аясы өте кең болғанын айта кеткен жөн. Ол қазақ тарихын, әдебиетін, мәдениетін, этнографиясын, музыкасын, фольклорын тамаша білуші болған. Қаныш Имантайұлы домбыраны жақсы шерткен, көптеген халық әндерінің тарихын білген. Ғалымның өзі Александр Затаевичке арнап 25 ән жинап, нотаға түсіргені туралы деректер бар.

Іс-шараға Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің Өнер және спорт жоғары мектебінің «Музыкалық білім» білім беру бағдарламасының студенттері белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

Әр қатысушы өз әндерін аспаптың сүйемелдеуімен орындады. Сайыс қорытындысы бойынша МБ-31 тобының студенті Азамат Базарбай ІІІ орынға ие болды. Ол Қаныш Сәтбаевтың «Іңкәрім» әнін түймелі баянның сүйемелдеуімен орындады. МБ-31с тобының студенті Уахит Әлнұр «Қаражорға» әнін, МБ-21 тобының студенті Сағындықова Әмина «Қорлан» әнін фортепианоның сүйемелдеуімен орындады. Уахит Әлнұр мен Сағындықова Әмина «Жез таңдай әні» арнайы номинациясы бойынша марапатталды.

Студенттердің жетекшісі Салтанат Қисатованың айтуынша, олар байқауда орындау үшін Қаныш Сәтбаевтың жазып алған ең сирек туындыларын таңдаған. «Студенттер Қаныш Сәтбаевтың сирек әндерін жоғары кәсіби деңгейде орындады. Бұл шығармалардың алғашқы орындаушылары біздің студенттер деп айта аламыз. Ұлы ғалымның шығармашылық мұрасын зерттеп, қазақтың халық әндерін насихаттауға үлес қосып жатқанымызға өте қуаныштымыз», – дейді Салтанат Тасболатқызы.