Перейти к содержимому страницы.

СТУДЕНТТЕР ПАРЛАМЕНТІ ЕРІКТІЛІК ЖОБАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ҮШІН ГРАНТ АЛДЫ

06.06.2023

Павлодар облысында өз бастамалары мен әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға арналған волонтерлік ұйымдар мен бірлестіктер арасында шағын гранттар байқауы өтті. Тапсырыс беруші Павлодар қаласының «Жасыл ел» студенттік құрылыс штабы және жастар жасақтары қоғамдық қоры мен Павлодар қаласының ішкі саясат бөлімі болды.

Байқау қорытындысы бойынша «Білім берудегі еріктілік» бағытта Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің Студенттік Парламентінің белсенділері «FEEL LETTERS» тактильді әліпби жобасы үшін грант жеңіп алды.

«FEEL LETTERS» тактильді әліпби жобасының жетекшісі әрі авторы 4 курс студенті Жұматай Дариға. Ол бұл жоба мектеп жасына дейінгі балалардың ұсақ моторикасын дамытуға бағытталғанын айтты.

«Педагогикалық тәжірибе барысында біз балалардың әліпбидің әріптерін үйреншікті оқу кезінде қызығушылық танытпайтынын байқадық, бұл нормасы бар балаларға да, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да қатысты. Тактильді әліпби балалардың зейіні мен ұсақ моторикасын дамытып, материалды қабылдау процесін жеңілдетеді», – дейді Дариға.

Карантинге дейін әліпбидің алғашқы үлгілері үш тілде жасалды: ағылшын, орыс, қазақ (латын). Бұл жобаны әзірлеудің келесі кезеңі оқыту әдістемесін әзірлеу және тәжірибелік үлгілерді тестілеу болды.

Еріктілік ұйымдар арасында гранттар байқауы жастардың бастамаларын қолдау, олардың әлеуметтік маңызы бар жобаларын жүзеге асыруға жәрдемдесу, патриоттық, әлеуметтік-мәдени дамуды қолдау мақсатында өткізіледі.

Барлығы ағымдағы жылдың 15 сәуірінен 15 мамырына дейін 17 өтінім келіп түсті. Жобалық өтінімдер волонтерлік бастамаларды дамытуға бағытталған.