СТУДЕНТТЕР ӨЗ ӨҢІРЛЕРІНДЕГІ МЕКТЕПТЕРДЕ "СЕРПІН" БАҒДАРЛАМАСЫ ТУРАЛЫ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСЫН ЖҮРГІЗУДЕ
15.01.2025
Марғұлан университетінің студенттері кәсіби бағдар беру жұмыстарымен тұрақты түрде айналысып келеді. Олар қысқы демалыс уақыттарын бос өткізбей өздерінің облыстарындағы мектептерге арнайы барып, оқушыларға Марғұлан университеті жайлы ақпарат беруді жалғастыруда. Әсіресе оңтүстіктен, батыстан келген студенттер бұл бастаманы сәтті жүргізіп келеді. Биылғы қысқы демалыс кезінде "Қазақ тілі мен әдебиеті" білім беру бағдарламасының студенті Зере Дастанбек Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Еңбек ауылындағы М.Байділдаев атындағы орта мектеп оқушыларымен кездесті. Шет тілі мамандығының студенті Анеля Асқар мен Аяулым Таңатарова Қызылорда қаласының №144 жалпы орта білім беру мектебінде болып, оқушылар үшін пайдалы кеңестерімен бөлісті. Ал Айым Мұратбайқызы Жанқожа батыр атындағы №232 орта мектебіне барып, оқушылармен кездесті. Студенттер осы сапарлары барысында оқушыларға мемлекеттік "Серпін" бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, өздері білім алып жатқан Марғұлан университеті жайлы толыққанды ақпарат беріп, университет кампусындағы студенттерге жасалған жайлы жағдай, білім мен тәрбие алу мүмкіндігі туралы баяндады. Мектеп оқушылары да өздерін қызықтырған сұрақтарын жолдап, мамандық таңдау, академиялық жетістігі жоғары сапалы жоғары оқу орнына түсуге қатысты пайдалы кеңестер алды. Айта кету керек, бұл студенттер де кезінде "Серпін" бағдарламасы арқылы өздері таңдаған университетке қол жеткізген болатын. Ендеше "Серпін" жобасы әлі де талай түлектің бағын ашып, болашағын анықтайды деп сенеміз.