Перейти к содержимому страницы.

СТУДЕНТТЕР "БІР ЕЛ - БІР КІТАП" АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ОҚЫЛАТЫН КІТАПТАРДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

07.02.2025

Елімізде жыл сайын “Бір ел – бір кітап” акциясы ұйымдастырылып, ұлттық әдебиетіміздің жауһарларын халыққа кеңінен насихаттап келеді. Басты мақсаты - халықты кітап оқуға баулу, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және сол арқылы кейінгі ұрпақты ұлттың рухани азығымен сусындату. 2025 жылы бұл акция аясында қазақ әдебиетінің қос классигі Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары таңдалды.

Марғұлан университетінің Ермұхан Бекмаханов атындағы ғылыми кітапханасында “Бір ел - бір кітап” акция бойынша «Бір дәуірдің қос үні» атты мәдени-рухани шара ұйымдастырылды. Кітапханашы Фатима Даниялқызы әдеби шолу жасап, оқырмандарға жазушылардың өмірі мен қызметі, шығармаларының ерекшелігі мен әдебиетке қосқан үлесі жайлы мол мағлұмат берді. Кеш барысында "Қазақ тілі мен әдебиеті" білім беру бағдарламасы 3-курс студенті Ойрат Гулайым Тәкен Әлімқұловтың «Тұлпардың тағдыры» әңгімесі туралы пікірімен бөлісті. Жұмекен Нәжімиденовтың «Менің елім», «Ана тілі туралы сөз» өлеңдерін Мақсұт Ғазиза мен Амангелді Мадияр нақышына келтіре оқыды.
Шараға қатысушылар 2025 жылы акция аясында қандай кітаптар оқуға болатыны туралы өз ойларын ортаға салды.

- “Бір ел – бір кітап” акциясының мақсаты – тек оқу ғана емес, сол оқыған туындыдан ой түю. Міне, сол арқылы тарихымызды танып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу. Осы қаламгерлердің шығармаларын оқу арқылы біз өткеніміз бен бүгінімізді сабақтастырып, болашағымызды айқындайтын боламыз. Мұндай жобалардың студент жастар үшін маңызы өте зор, - деді кітапханашы Фатима Даниялқызы.