СТУДЕНТТЕР БАЯНАУЫЛ ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІНДЕ ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТІП ЖҮР
13.06.2023
Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің жаратылыстану жоғары мектебіне қарасты «География-тарих» білім беру бағдарламасының 2 курс студенттері Баянауыл ауданында тәжірибеден өтіп жатыр. Студенттер Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қарасты Торайғыр көліне жақын аумақта орналасқан. Онда студенттер топографиялық түсірілімдер жүргізу, ауа-райын бақылау әдістемелері, геологиялық объектілерді зерттеу, тау жыныстары мен минералдардың үлгілерін іріктеу, геоморфологиялық процестерді бақылау, су объектілеріне гидрометриялық жұмыстарды жүргізу, топырақ қимасын түсіру және топырақтың негізгі қасиеттерін анықтау, туристік құрал жабдықтарды пайдалану секілді жұмыстар жүргізуде.
Сонымен қатар Баянауыл ауданы аймағындағы туристік аймақтарға саяхаттап, экскурсия ұйымдастырды. Атап айтқанда Кемпіртас, Найзатас, Жасыбай секілді тарихи орындарды аралауға мүмкіндік алды. Студенттер Ақбет тау шыңын бағындырып, ерекше әсерге бөленді. Кешкі уақытта камералдық жұмыстар атқарып, күнделіктерін толтырып отырады.
-Біздің әсем табиғатта тәжірибеден өтуімізге мүмкіндік тудырған университет ректоры Ж.О.Жилбаевқа, практика бөлімінің меңгерушісі М.М.Байтанаеваға, жетекшілері А.К.Елемемов пен М.Қ. Омаровқа алғыс білдіреміз,- дейді студенттер.