Перейти к содержимому страницы.

СТУДЕНТТЕР ӘН БАЙҚАУЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ АТАНДЫ

28.02.2023

Әлкей Марғұлан университеті Өнер және спорт жоғары мектебі «Музыкалық білім беру» бағдарламасының студенттері Әмина Сағындыкова мен Әлнұр Уахит әйгілі жерлесіміз, композитор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Садық Кәрімбаевтың 105 жылдық мерейтойына арналған «Әншіл жүрек» атты облыстық әншілер байқауына қатысып, жүлделерге ие болды.

Өнер байқауы Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылық музейінің ұйымдастыруымен және Павлодар қаласы «Музыкалық колледж- дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп- интернатының қолдауымен өткізілді. Сайыстың мақсаты - Садық Кәрімбаевтың шығармашылығын елге насихаттау.

Сайыста өңіріміздің 16 әншісі бақ сынады. Өнерпаздар С.Кәрімбаевтың әндерімен қоса халық композиторларының әндерін орындады. Байқау 2 бағыт бойынша өтті: «Дәстүрлі ән» және «Вокал».

МБ-21 тобының студенті Әмина Сағындықова «Вокал» бағытына қатысып, рояльдың сүйемелдеуімен жанды дауыста 2 ән орындады. Бірінші орындаған әні - «Ақ ерке» әні, ал екінші - «Асыл арман» әні. МБ-31қ тобының студенті Уахит Әлнұр «Баян тау еркесі», «Баянауыл вальсі» әндерін орындады. Концертмейстер: Семикин Валерий Александрович. Студенттер байқауға дайындықты рояльдің сүйемелдеумен жасады. Олардың жетекшісі - Кисатова Салтанат Тасболатқызы әннің дұрыс айтылуын, сахнаның мәдениетімен таныстырып, бағыт бағдар беріп отырды.

Байқау қорытындысы мен әділқазылар алқасының шешіміне сәйкес «Вокал» бағыты бойынша Сағындыкова Әмина II- орынға ие болды. Ал Уахит Әлнұр арнайы жүлдегер атанды.

«Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Садық Кәрімбаевтың 105-жылдық мерейтойына арналған «Әншіл жүрек» атты Облыстық әншілер байқауына қатысқаныма өте қуаныштымын. Осындай байқаулар біздің орындаушылық шеберлігімізді шындауға жаңа мүмкіндіктер ашады», - дейді Сағындыкова Әмина.