Перейти к содержимому страницы.

ППУ СТУДЕНТТЕРІ ЕЛІМІЗДЕГІ ӘР ЭТНОС ӨКІЛДЕРІНІҢ МӘДЕНИЕТІН КӨРСЕТТІ

29.04.2022

Павлодар педагогикалық университетінде Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай студенттердің этнофестивалі өтті. Шара университеттің жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен өтті.

Этнофестиваль мемлекеттік Әнұранмен ашылды. Шараға ППУ тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Болат Құдайбергенұлы және М.Қанапиянов атындағы жоғары колледж директоры Жұмабай Мұхаметалин қатысты.

- Дана халқымыз: «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген сөзді бекер айтпаған. Расында түсіністік пен сыйластық бар жерге үлгілі істер үйір келеді. Ғасырлар қойнауына кеткен заманның қиын күнінде талай ұлттың өкілдері тағдар тәлкегіне түсіп, біздің Отанымыздан мекен тапты. Бүгін де елімізде жүзден астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Әртүрлі этностар мен әртүрлі конфессияның басын бір шаңырақ астында ұйыстырып ұстауы мемлекет саясатының оңтайлы көрінісі деуге болады. 60 жылдық тарихы бар Павлодар педагогикалық университетінде де түрлі ұлттің жастары білім алуда. Баршаңызды Қазақстан халқы бірлігі күнімен құттықтаймын, - деді Болат Құдайбергенұлы. Сонымен қатар, облыстағы тәжік этномәдени орталығының «Ситораи Сомон» қоғамдық бірлестігінің басшысы Гулов Хусейн сөз сөйлеп, барша қатысушыларды Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады. Ал университеттің жас әншісі Бәти Досұлан «Бір ел болса» әнін нақышына келтіре шырқады.

Шараға университеттің барлық жоғары мектебі мен М.Қанапиянов атындағы жоғары колледжінің студенттері белсенді қатысты. Педагогика және психология жоғары мектебінің студенттері кәріс және орыс ұлтының, Гуманитарлық жоғары мектебінің студенттері қазақ және өзбек ұлтының, Жаратылыстану жоғары мектебінің студенттері испан және украин ұлтының, Өнер және спорт жоғары мектебінің студенттері кавказ, түрік халықтарының өнері мен мәдениетін көрсетті. Сондай-ақ, М.Қанапиянов атындағы жоғары колледжінің студенттері цыган және грузин ұлтының әндерін шырқап, билерін биледі.

Шара соңында университет қабырғасында білім алатын барлық ұлттың жастары қолұстасып, «Бір үйдің баласындай» әнін орындады. Бұдан біздің елде өмір сүретін жүзден астам этнос өкілдері мен жергілікті ұлт арасындағы мызғымас татулықты, бұзылмас береке-бірлікті көруге болады. Ал, бірлігі бекем елдің болашағы зор. Бүгінгі этнофестиваль хақымыздың осы бір құндылығын тағы бір мәрте паш еткендей болды.